ТОП-7. Елімізге ат басын бұрған үздік клубтар

«PROСПОРТ» порталының тілшісі бірнеше күн бұрын елімізге келген үздік ұлттық құрамалар тізімін жасаған болатын. Енді назарларыңызға УЕФА аясындағы клубтық турнирлерде Қазақстанға ат басын бұрған атақты да азулы 7 команданы ұсынамыз.

7-орын

2006 жылы УЕФА кубогының бірінші електік кезеңінде қостанайлық «Тобыл» швейцариялық «Базельмен» кездесті. Сапында Иван Ракитич секілді жас жұлдызы бар команда қазақстандық ұжымды екі ойынның қорытындысы бойынша 3:1 есебімен жеңді. Базель қаласында өткен алғашқы ойын дәл осындай нәтижемен аяқталған болатын. Младен Петричтің қос добы мен Эдуардоның голына қостанайлықтар Нұрбол Жұмасқалиевтің дәл соққысымен ғана жауап қатты. Қарымта матчта «Тобыл» да, «Базель» де гол соқпай, ойын 0:0 есебімен аяқталған. Келесі жылдары «Тобыл» Интертото кубогында топ жарса, швейцариялық ұжым Чемпиондар лигасында «Челси», «Манчестер Юнайтед» секілді клубтарды жеңіп, ағылшындардың қорқынышты түсіне айналады.

6-орын

2010 жылы «Ақтөбе» Еуропа лигасында голландиялық АЗ Алкмаар клубымен топтық кезеңге берер жолдаманы сарапқа салды. Голландиялықтар өз алаңында қазақстандық клубтың қақпасына Холмэн мен Вернблоомның көмегімен гол соқты. Қарымта ойында Қазақстан чемпиондарына үш гол айырмашылығымен жеңіске жету керек болатын. Алайда Вернблоом 10-шы минутта-ақ Андрей Сидельников иелігінен саңлау тауып, алаң иелерінің жағдайын қиындатып тастады. Ақтөбеліктер бұл ойынды өз пайдасына шешті. Екінші таймдағы Мұрат Тілешевтің қос голы «Ақтөбеге» жеңіс сыйлады. Әрине, бірақ бұл топтық кезеңге өту үшін жеткіліксіз болатын. Бірақ ақтөбелік жанкүйерлер үшін ең керемет матч ретінде дәл осы ойын жиі айтылады.

Араға үш жыл салып қарағандылық «Шахтер» Еуропа лигасының топтық кезеңіне жолдама алған. Жеребе «АЗ Алкмаарды» тағы да қазақстандық ұжыммен бір квартетке түсірді. Алғашқы ойында «кеншілер» өз алаңында 1:1 есебімен тең түсті. Андрей Финонченконың голына голландиялықтар Йохан Гуддмонсонның соққысымен жауап қатты. Ал Алкмаар қаласында өткен матч жергілікті клубтың пайдасына шешілді – 1:0. 55-минутта Сельсо Ортистің голы алаң иелеріне жеңіс сыйлады. Айта кетер жайт, бұл матчқа «кеншілердің» сол кездегі бапкері Виктор Кумыков жартылай екінші құрамды шығарған болатын. «Шахтер» топтық кезеңде соңғы орын алса, «АЗ Алкмаар» ширек финалға дейін жетті.

5-орын

Сол 2013 жылы қарағандылықтар Чемпиондар лигасының топтық кезеңінде ойнауға жақын қалған. Ол үшін «кеншілерге» шотландиялық «Селтикті» артта қалдыру керек болатын. «Астана Аренадағы» алғашқы ойында Андрей Финонченко мен Сергей Хижниченконың голдары қарағандылықтарға үлкен үміт сыйлаған болатын. Бірақ тарихында сан түрлі қиындықтан өткен «Селтик» қазақстандық белестен де өтті. «Селтик Парк» стадионында жауапсыз үш гол тоғытып, Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне жолдама алды. Бүгінде сол «Селтик» жеңісті жолдарын жалғастырып жатса, «Шахтер» үлкен қиындықтарды бастан кешіруде.

4-орын

2009 жылы Еуропа лигасының екінші електік кезеңінде «Тобыл» түркиялық «Галатасараймен» кездесті. Қарсыласының тәжірибелі болғанына қарамастан қостанайлықтар стамбулдық ұжымға күш көрсете алды. Алғашқы ойында 2-минутта Нұрбол Жұмасқалиев есеп ашқан болатын. Алайда үзілістен кейін Милан Барош таразы басын теңестірді. Сапында Бароштан бөлек, Арда Туран, Хакан Балта секілді жұлдыздары бар «Галатасарай» қарымта матчты өз пайдасына шешкен еді. 64-минутта Мустафа Сарп көзге түссе, ойын аяқталар тұста Сервет Четин матчтың нүктесін қойды. Қос ойынның қорытындысы – 3:1. «Галатасарай» сол жылы топтық кезеңде бірінші орын алып, 1/16 финалда мадридтік «Атлетикоға» келіп тірелген болатын. Сол кезден бері біраз жетістікке жетіп, құрамын білікті ойыншылармен жасақтап алған «Галатасарай» биыл тағы да Қазақстанға қонақтап келеді. Айта кетейік, стамбулдықтар «Астанамен» Чемпиондар лигасында бір топқа түскен.

3-орын

Рейтингіміздің үздік үштігін германиялық «Вердер» түйіндейді. 2009 жылы Еуропа лигасының плэй-офф кезеңінде немістің беделді клубтарының бірі бремендік «Вердер» «Ақтөбемен» кездесті. Налдо, Марко Марин, Торстен Фрингс, Клаудио Писсаро, Угу Алмайда және Месут Өзіл. Осы секілді футболдың жарық жұлдыздарын құрамына қосқан «Бремендік музыкашыларға» «Ақтөбе» үлкен қарсылық көрсете алмады. «Везерштадиондағы» алғашқы ойында жанкүйерлер тоғыз гол көре алды. Өкінішке қарай, оның алтауы ақтөбелік клубтың қақпасына кірген еді. «Ақтөбе» сапынан Сергей Струков дубль жасады, артынша Самат Смақовтың тамаша айып соққысы қазақстандық жанкүйерлердің әлі есінде. Қарымта матчта «Вердер» 2:0 есебімен жеңіске жетті. Қос ойынның нәтижесі – бремендіктердің пайдасына 8:3. Содан бері «Ақтөбе» Еуропа лигасының плэй-офф кезеңіне бірнеше рет шығып, бәрінде де жеңіліс тапты.

2-орын

Екінші орынға «Қайраттың» биылғы қонағы франциялық «Бордоны» қойғанымыз жөн болар. Бұл матч жанкүйерлердің есінен кете қоймаған шығар, әзір кетпейді де. «Қайрат» Еуропа лигасының топтық кезеңіне өтуге 15 минут қалғанда гол жіберіп, матч үлкен өкінішпен аяқталған еді. Жарайды, басынан айтайық. Плэй-офф кезеңінде алматылық ұжымға француздың «Бордосы» тап болды. Көптеген мамандар, жанкүйерлер қос ойын бойынша жеңісті алдында ала франциялық клубқа беріп қойған болатын. Алғашқы ойын, расымен де, бордолықтардың пайдасына шешілді. Хазридің 27-минутта соққан голы «Бордоға» жеңіс сыйлады – 1:0. Енді «Қайратқа» өз алаңында 2 доп айырмашылығымен ұту керек болды. Владимир Вайсс шәкірттері бірден шабуылға көшіп, нәтижесінде алғашқы минутта-ақ қонақтардың қорғаушысы Жильбер өз қақпасына гол енгізіп алды. Екінші таймда Исламбек Қуат есепті еселеді, 2:0 нәтижесі «Қайраттың» топтық кезеңге өтуі үшін жеткілікті еді. Бірақ 76-минутта Кривелли гол соғып, алматылықтардың жағдайын біршама қиындатып тастаған. Қалған 15-минутта алматылықтар есепті еселей алмайды, осылайша олар жарыс жолын өкінішті әрі абыройлы аяқтады.

1-орын

Испания футболы бүгінде әлемді бағындырып тұрғаны баршаға мәлім. Сондықтан, оның әр клубы осал емес екені де анық. Сондықтан, «Астананың» былтырғы Еуропа лигасының плэй-офф кезеңіндегі қарсыласы «Вильярреалды» рейтингіміздің көш басына қойдық. Несін айтайық, вильярреалдық ұжым өзінің «Астанадан» әлдеқайда күшті екенін екі ойында да дәлелдеді. «Астана Аренада» испаниялық ұжым жауапсыз үш гол соғып, бұл жұптың тағдырын шешіп тастады. Сол кезде Кани, Джовани дос Сантос, Марио Гаспар көзге түскен болатын. Қарымта матчта да «Вильярреал» жауапсыз төрт гол тоғытты. Лусиано Вьетто дубль жасаса, артынша Бруно Сориано мен Науэль Лейва бір-бірден қанжығаларын майлады. Сол маусымда «Вильярреал» ширек финалда кейін чемпион атанатын «Севильяға» жол берген еді. Ал «Астана» болса, сол тәжірибені ұтымды пайдаланып, биыл Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне түсті.

Енді елімізге биыл Еуропаның азулы да атақты үш клубы келеді. Оның бірі рейтингімізде өз орнын алып қойса, «Бенфика» мен мадридтік «Атлетико» аталмыш тізімге өзгеріс енгізетіні анық.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или