«Астана» - АПОЭЛ 1:0. Қызықтың бәрі алда...

УЕФА Чемпиондар лигасының плэй-офф кезеңіндегі алғашқы матчта Қазақстан чемпионы «Астана» өз алаңында кипрлік АПОЭЛ-ді қабылдады. «Астана Аренаны» лық толтырған жанкүйерлерінің алдында елордалық ұжым қарсыластарынан басым түсті.

Ойын «Астананың» қауіпті шабуылымен басталды. 4-минутта Бауыржан Жолшиев оң қанаттан әдемі пас асырған, әуедегі допқа бірінші болып команда капитаны Таңат Нөсербаев жетіп, баспен соққы жасады. Қонақтарды Ватерманның тамаша сейві ғана құтқарып қалды. Бұл шабуылдан соң алаң иелері қарқынын тоқтатқан жоқ. Нәтижесінде 14-минутында «Астана» алға шықты. Сол қанаттан Фокси Кетевоама әуелеткен допты Жолшиев голға айналдырды – 1:0.

Алаң иелері алға шығып алған соң, ойын қарқыны сәл бәсеңсіп қалды. Таймның орта белінде никосиялықтар допқа жиі иелік етіп, Ненад Эричті бірнеше рет ойынға қосты. Бірақ бұл ұмтылыстардың бәрі де нәтижесіз аяқталды. Ал 28-минутта Жолшиев дубль жасайтын мүмкіндікке ие болған. Айып алаңында қараусыз қалған астаналық жартылай қорғаушы ұрымтал тұстан допты Бой Ватерманның дәл қолына тепті.

Үзіліс жақындаған сайын командалардың шабуылдары азая бастады. Сондықтан бірінші таймның соңғы минуттарында жанкүйерлер қауіпті соққыларды көре алған жоқ.

Екінші кезеңнің басында қонақтар басымдықты қолдарына алып, қысымды күшейте түсті. Нәтижесінде Эричтің қақпасына алғашқы дәл соққы да жасалған, елордалық қақпашы жақын бұрыштан допты алып шықты. 55-минутта кипрліктер аса қауіпті ұмтылыс жасады – оң қанатта Томас Де Винсенти айып алаңындағы Иньяки Астиске тамаша пас қалдырды, орталық қорғаушы қараусыз қалып, сол үшін алаң иелерін жазалап кете жаздады. Бақытымызға орай, Астис мүлт кетті. 62-минутта Луиш Леал Эрич иелігіне жақын тұста айып добын орындаған – соққы бағанадан бірнеше сантиметр қиыс кетті.

Қазақстан чемпиондары ұзақ уақыт бойы допты АПОЭЛ ойыншыларына беріп қойып, шабуылда сүреңсіз ойнады. Сондықтан шабуылға тың серпіліс беру үшін Станимир Стойлов шаршаңқырап қалған Нөсербаевтың орнына, Жуниор Кабананганы шығарды. 77-минутта алаң иелері тамаша комбинация ұйымдастыра алды. Оң қанатта Кабананга айып алаңындағы Фоксиге пас асырған, Кетевоама допты басымен Максимовичке қалдырды. Сербиялық жас ойыншының жойқын соққысы қақпадан сәл биік кетті. Араға бірнеше минут салып Фокси алыстан соққы бағыттады, Ватерман тағы да командасын құтқарып қалды. 87-минутта Кетевоаманың тағы бір соққысын АПОЭЛ-дің қақпашысы тоқтата алды. Төреші қосқан қосымша уақытта Фокси үшінші мүмкіндігіне ие болған, африкалық футболшы бұл жолы да Ватерман иелігінен саңлау таба алмады.

Екінші таймда қос команданың да есепті өзгертетін мүмкіндіктері болғанымен, тоблодағы көрсеткіш өзгерген жоқ. Қорытынды есеп – 1:0. «Астана» Никосияға жеңімпаз ретінде аттанады.

«Астана» - АПОЭЛ 1:0 (1:0)

Голдар: 1:0 – Жолшиев 14

«Астана»: Эрич, Аничич, Илич, Постников, Максимович, Жуков (Бейсебеков 85), Кетевоама (Мұжықов 90), Шомко, Каньяс, Нөсербаев (Кабананга 68), Жолшиев;

АПОЭЛ: Ватерман, Карлао, Антониадес, Иньяки Астис, Мариу Сержиу, Эфрем (Штилич 63), Александру (Пянтковский 46), Макридис (Сотириу 86), Нуну Мораиш, Де Винcенти, Леал.

Ескертулер: Шомко 78 – Де Винсенти 14

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или