Қазақстан құрамасының көшбасшысы халықаралық турнирдің финалына шықты
Қазақстандық боксшы Сәкен Бибосынов Астанада «Елорда кубогы» халықаралық турнирінде екінші жекпе-жегін өткізді, деп хабарлайды Prosports.kz.
Оның бұл турнирдегі екінші қарсыласы таиландтық Танарат Сэнпхет болды. 51 келіге дейінгі салмақтағы жекпе-жек төрешілердің бірауыздан қабылдаған шешімімен (5:0) қазақстандық спортшының пайдасына аяқталды.
Үш раунд бойы Бибосынов бірінші нөмірде болып, екінші үшминуттықта қарсыласын нокдаунға түсірді.
Айта кетейік, Сәкен Бибосынов Ташкентте өткен әлем чемпионатындағы алғашқы жекпе-жегінде жеңіліп қалған болатын. Қазақстандық боксшы турнирге әлем чемпионы мәртебесімен барған.
Еске салайық, бүгін «Елорда кубогы» аясында бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының екі көшбасшысы Махмұд Сабырхан мен Серік Теміржанов арасындағы жекпе-жек өтеді.