Серікжан Мужиков: Конференция лигасында әлсіз команда жоқ
Қостанайлық «Тобылдың» капитаны Серікжан Мужиков Prosports.kz тілшісіне берген сұхбатында УЕФА Конференция лигасы іріктеу кезеңінің жеребесі жайында ойын айтты.
- Жеребе нәтижесі жайында әсеріңізді айтсаңыз.
- Жеребе жақсы, бірақ жолымыз болды-болмады деп айтқым келмейді. Ойын алдында екі команданың да мүмкіндігі тең болады.
- Қарсылас ішкі чемпионаттың жаңа маусымын сәтсіз бастады, 13 матчта 4 қана жеңіс бар. Олар осындай нәтиже көрсете берсе, «Тобылға» пайдалы ма?
- Мұндай турнирлерде әлсіз команда болмайды. Бізге «Хонканың» өнеріне қарағанда өзіміздің ойынымыз маңыздырақ. 13 шілдеге дейін уақытымыз бар, сондықтан қарсыласты сараптап, дұрыстап дайындаламыз. Өз жанкүйерлерімізді қуантуға тырысамыз.
- «Тобыл» бірінші матчты өз алаңында өткізеді. Қазір сырт алаңдағы гол есептелмейтінін ескерсек, екі матчтық текетіресті қай алаңда бастау маңызды болмай қалды ма?
- Бұл жеребе, оған әсер ете алмаймыз. Сондықтан бізге өз алаңымызда бастаймыз ба, сырт алаңда ойнаймыз ба - маңызды емес.