Исламханның алаңға оралу мерзімі белгілі болды
«Ордабасы» мен Қазақстан құрамасының жартылай қорғаушысы Бауыржан Исламхан чемпионаттың екінші айналымында алаңға оралады, деп хабарлайды Prosports.kz<span> тілшісі</span> Meta-ratings.kz сайтына сілтеме жасап.
Дереккөздің мәліметінше, футболшы қазір жаттығу процесін бастады. Клубтың медициналық қызметкерлері Исламханның сауығып кетуіне және жарақатының қайталануының алдын алуға көмектесіп жатыр.
Бұған дейін шымкенттік клубтың жартылай қорғаушысына ота жасалуы мүмкін болған, бірақ клуб дәрігерлері оны басқа жолмен емдеуге бел буған.
Исламхан бірнеше тур бұрын «Қайратқа» қарсы сырт алаңда өткен ойында жарақат алған болатын. Қазақстан құрамасының көшбасшыларының бірі Еуро-2024 іріктеуі аясындағы ұлттық құраманың екі ойынына қатыспайды.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстан құрамасының бас бапкері Магомед Адиев егер Бауыржан іріктеу ойындарына оралып үлгермесе, оның орнына басқа ойыншыны қарастырып жатқанын айтқан болатын.