«Турнир тапсырмасын орындап қойдық». Адиев Әзeрбайжанға қарсы матч туралы

«Турнир тапсырмасын орындап қойдық». Адиев Әзeрбайжанға қарсы матч туралы
news-banner7
mobile-news-top

Қазақстан құрамасының бас бапкері Магомед Адиев Әзeрбайжанмен болатын матч алдындағы баспасөз мәслихатына қатысып, журналистердің сұрақтарына жауап берді, деп жазады Prosports.kz сайты ҚФФ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

– Әзербайжан еліне келгенімізге қуаныштымыз. Дайындық жұмыстары жақсы өтуде. Турнир тапсырмасын орындап қойдық. Бірақ біз ұлттық құраманың намысын қорғағандықтан, әрқашан абыроймен ойнауымыз керек. Қарсыласымыздың әлеуетін жақсы білеміз. Команда құрамында мықты ойыншылар бар. Ертеңгі матч оңай болмайын деп тұр. Бірақ бұл ойынды өз пайдамызға аяқтауға тырысамыз.

– Ертеңгі кездесуде жас ойыншылар дебют жасай ма?

– Шацкийдің ойнайтынын нақты айта аламын. Басқа ойыншыларға келетін болсақ, алғашқы минуттардан шықпаса да, белгілі бір мүмкіндіктері бар. Жаттығудан кейін нақты шешім қабылдаймын.

– Қазақстан құрамасы төртінші себеттен шыққанына қарамастан, топтық кезеңде бірінші орын алды. Мұның сыры неде?

– Футбол көп қырлы спорт түрі. Әр команданың өз қиындықтары бар. Біз өз күшімізді көрсеттік және бірінші орынға табан тіредік. Нәтижеге ризамыз. Бізге керемет қолдау көрсетілді. Басты қаруымыз ауызбіршілік болды.

– Әзербайжан алты жылдан бері Қазақстанды жеңе алмай келеді. Ертең алаң иелері мұны түзетуге тырысады. Бұл туралы не ойлайсыз?

– Әрқашан матчқа солай дайындалу керек. Біздің де жеңістен дәмеміз бар. Ертең стадионда кездесіп, бар мәселені шешетін боламыз.

– Әзербайжан құрамасын Астанада жеңгеннен кейін (2:0) команда құрамынан қандай өзгерістер байқадыңыз?

– Мен словактармен болған ойынды көрдім. Нәтижеден бөлек, команданың көрсеткен ойынын ерекшелеп айуға болады. Команда жақсы жұмыс істеуде. Өзгерістер де жоқ емес.

– Соңғы матчтан кейін Де Бьязи көп сөйлемей іспен айналыссын дедіңіз. Ертең сол сөзіңіз үшін өкініп қалмайсыз ба?

– Ол баспасөз мәслихатында Қазақстанға сәттілік жолдас болды деп айтты. Бапкер деген өзге команданың ойынын талқыламауы керек. Мен тек өз командам жайлы айтамын. Бізге сөзден іске көшкен дұрыс. Де Бьязи мырза Қазақстан футболшыларын сыйлауы керек. Ал ойында Қазақстан байқаусызда жеңіп кетті деген әңгіме орынсыз. Мен соны ғана меңзедім.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер