«Біз жастар Чемпиондар лигасында сәтті өнер көрсеткеміз келеді»

«Біз жастар Чемпиондар лигасында сәтті өнер көрсеткеміз келеді»

Prosports.kz тілшісіне берген сұхбатында Ғалымжан Есенбаев чемпионат, УЕФА жастар лигасына дайындық және «Тұран» академиясының  мақсаты туралы айтты.

- Ғалымжан, «Тұран» командасын чемпиондық атақпен және УЕФА жастар лигасына шығуымен құттықтаймыз! Айтыңызшы, академияның алғашқы жылында сенсациялық нәтижеге қалай қол жеткіздіңіз? Мұның сыры неде?

- Құттықтауларыңызға рахмет! Жеңісіміз «Тұран» жанкүйерлеріне және Түркістан облысының барша тұрғындарына арналады.

Құпия жоқ. Жігіттер барлық мүмкіндікті пайдаланды. Түркістан облысында екі миллионнан астам халық тұратынын білесіздер, біз Бекзат Саттарханов атындағы облыстық спорт мектеп-интернатының 10-11 сынып оқушыларының барлығын жинадық.

Олардың көпшілігінде жақсы база бар. Жаттығу үдерісін жолға қойып, ойыншыларды лайықты орындарға орналастырғанымыздың арқасында нәтижеге қол жеткіздік.

Маусым алдында Чемпиондар лигасына шығу мақсаты тұрды. Біз шабуылға ден қоятын футбол ойнаймыз. Біздің негізгі концепциямыз – үнемі қысым жасау және қарсыластың біздің алаңға өтуіне жол бермеу.

Сәтті нәтижеге осы маусымда бізге академияны басқаратын Сербия мен Черногориядан мамандардың келуі де әсер етті.

Мен болсам, өткен жылы осы команданың жартысымен Арыс футбол орталығында жұмыс істедім, кейін ол «Тұран» болды. Өткен жылы мен 2003/04 жылы туған ойыншылармен бесінші орын алдым. Ал 2005 жылғы команда былтыр 14-ші орын алған болатын. Осы екі команданың ішінен биылғы жылы біз бір дайын команда жасадық, оның ішінде 2004 жылы туған бес ойыншы және 2005 жылы туған алты ойыншы негізгі құрамда.

Бұл біріншіліктегі бірінші жеңісім емес, бұған дейін осы жаста екі рет 2016 және 2017 жылдары «Ордабасымен» жеңіске жеткен болатынмын. Сондықтан бұл мен үшін кездейсоқ емес.

– Академия жетекшілері туралы толығырақ айтып өтсеңіз.

– Академияның бас кураторы – Черногориядан келген маман Сава Ковачевич. PRO лицензиясы бар жаттықтырушы. Бұған дейін Краснодар академиясында үш жылдай жұмыс істеп, «Каспийді» бірінші дивизионнан Премьер-лигаға дейін жеткізген. Академиямыздың даму жолын айқындайтын тұлға осы.

- Ойыншылар мен жаттықтырушылар штабы чемпионатта жеңіске жеткені үшін қандай да бір сыйақы алды ма?

– Маусым басталмай тұрып, міндеттер қойылған кезде бонустар туралы сөз болған жоқ. Бапкерлердің келісім-шарттарында бұл жоқ. Бірақ бонус ретінде біз басшылықпен футболшыларға демалыс және оқу-жаттығу жиыны ретінде Түркияға баруды талқылаймыз.

– Енді сіздің командаңыз бұрын Қазақстаннан «Астана» мен «Қайрат» ғана қатысқан УЕФА жастар лигасында өнер көрсетеді. Турнирден не күтесіз?

– Иә, бұған дейін бұл турнирде тек «Қайрат» пен «Астана» ғана өнер көрсетті. Тәжірибеміз жоқ деп жұрт айтуы мүмкін, бірақ дайындалып, жақсы нәтиже көрсетеміз деп үміттенеміз.

– УЕФА жастар лигасының өз алаңындағы матчтарын «Түркістан Аренада» өткізетін шығарсыз. Айтыңызшы, қай жерде жаттығасыз, Тұранның инфрақұрылымы сізге қолайлы ма?

- «Түркістан-Арена» сертификаттан өтіп, УЕФА-ның төртінші санатын алды, сондықтан жастар арасындағы Чемпиондар лигасы деңгейіндегі матчтарды өткізуге еш кедергі жоқ.

Базаға келетін болсақ, біз оны БИІК клубынан жалға алып отырмыз, бірақ алдағы айларда Түркістанда өз базамыз ашылады деп күтудеміз.

Біздің басты мақсатымыз – ойыншыларымыздың негізгі құрамға енуі, біз бұл үшін барлық жағдайды жасаймыз.

Екінші лигада командамыз бар, қазірдің өзінде 7-8 ойыншыға келісімшарт дайындап жатырмыз. Олармен оқу-жаттығу жиынын өткізіп, екінші лигада алаңға шығады деп ойлаймын.

– Кез келген халықаралық жарыстарға қатысу ойыншыларға үлкен мүмкіндіктер ашады. Шетелдік клубтардан ұсыныс түссе, командаңыздың негізгі ойыншыларын жіберген жөн деп ойлайсыз ба?

-Егер Еуропадан ұсыныстар түссе, әрине, ойыншыларымызды жіберуге тырысамыз, өйткені мұндай деңгейде тәжірибе алудың құны өте жоғары. Сол Зайнутдинов пен Быстров шетелде ойнап, футболымызға көп көмегін тигізеді. Сондықтан Ресейден немесе Еуропаның көршілес елдерінен ұсыныстар түссе де, біз жіберіп беруге дайынбыз, өйткені бұл ұлттық құрамаға айтарлықтай көмектесуі және жалпы елдегі футболдың дамуына әсер етуі мүмкін.

Қолдау көрсетіп, дамуға жағдай жасап жатқан Түркістан облысының әкімдігіне, спорт басқармасына, «Тұран» басшыларына, «БИІК» базасына алғыс айтамын. Сонымен қатар, чемпионат режимін өзгертіп, 16 команданы екі дивизионға бөлгені үшін Қазақстан футбол федерациясының жасөспірімдер футболы бөліміне алғыс айтамын. Мұндай жүйеде үздіктер жоғарыға шығады, ал дайындығы төмендер төменгі сегіздікте қалады. Бұл форматта чемпионаттың деңгейі көтеріліп келеді деп ойлаймын және бұл шешім жақын арада өз жемісін беретініне сенімдімін.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или