«Басты мақсатымыз – Қазақстан құрамасына ойыншылар дайындау». Сава Ковачевич – «Тұран» академиясы туралы
«Тұран» ФК академиясының басшысы Сава Ковачевич Prosports.kz сайтына берген эксклюзив сұхбатында Академия мен түркістандық клубтың футбол орталықтарының жұмысы туралы айтып берді.
– Сава, сізді «Тұранның» U-19 командасының чемпион болуымен, сондай-ақ жасөспірімдер арасындағы Чемпиондар лигасында ел намысын қорғау мүмкіндігіне ие болуыңызбен құттықтаймыз. Осы жеңістен алған эмоцияларыңызды бөлісіңізші.
– Құттықтауыңызға рақмет. Біз үлкен жетістікке жетіп, жасөспірімдер арасындағы Чемпиондар лигасында Қазақстан намысын қорғауға мүмкіндік алдық. Біз бұл жаспен қаңтар айынан бері жұмыс істеп келеміз және осындай жетістікке жеткенімізге өте қуаныштымыз.
– Бұған дейін тек «Астана» мен «Қайрат» академияларының ойыншылары ғана чемпион атанып келді, биыл олардан басым түстіңіздер. Сіздің ойыңызша, команданың табысқа жетуінің себебі неде?
– Ең алдымен, бұл ойыншылар мен команда бапкерінің жетістігі, оларсыз бұған жету мүмкін емес еді. Түркістан мен Шымкентте жүргізілген сауатты іріктеу жұмыстарын атап өткім келеді. Түрлі себептермен туған Академиясына түсе алмаған «Ордабасының» бірнеше шәкіртін де қабылдадық.

Мысал келтіре аламын: бізде 2006 жылы туған Ерасыл Серсербай деген ойыншы бар. Ақпан айына дейін әуесқойлар деңгейінде өнер көрсетіп, әкесі мен ағаларымен бірге көкпар да ойнаған. 400-ге жуық ойыншы жиналған іріктеу ойындарының біріне Ерасыл келді. Нәтижесінде ол бізге іріктеуден өтіп, тіпті өз жасынан екі жас үлкен командада ойнады, онда ол үздік бомбардир, ойыншы және чемпион атана алды.
– Жыл басында «Тұран» Академиясын басқардыңыз. Ұсыныс қалай түсті, жауабын ұзақ ойландыңыз ба?
– Шынымды айтсам, бұл ұсынысқа көп ойландым. Өткен жылдың аяғында мен клуб басшылығымен келіссөздер жүргізу үшін келгенмін. Бірақ Түркістанда жаңа БИІК базасы салынып жатыр, бізге осы күзде сонда көшеміз деп уәде берілді. Сонда ойыншылар мен бапкерлер штабына әлдеқайда жеңіл болады. Облыс әкімдігінен қолдау күтемін.

– Сіз «Каспийде» өзіңізді жақсы көрсеттіңіз, Бірінші лиганың алтын жүлделерін жеңіп алдыңыз, бірақ кейін қызметіңізден кетіп, Ақтау академиясына жұмысқа тұрдыңыз. Бұл шешімге не себеп болды?
– Ақтауда жұмысым мен өмірімнің тамаша кезеңін өткіздім, клуб пен жанкүйерлерге сол жерде өткізген уақыт үшін алғысымды білдіремін. Егер кету туралы айтатын болсақ, Премьер-лигаға шыққаннан кейін біз клуб пен облыс басшылығымен сөйлесіп, болашақта балалар орталығы мен «Каспий» Академиясына көбірек көңіл бөлу туралы шешім қабылдадық. Кейіннен біз ұзақ мерзімге келісімшарт жасасып, жұмыс істей бастадық, бірақ коронавирусқа байланысты бәрі тоқтап қалып, клубтан кетуге мәжбүр болдым. Бұл шешімді қабылдау маған қиын болды, өйткені мен ақтаулықтарға өте жақынмын, сол жерде көптеген жақын достарым қалды.
- Негізгі болмасада, бірақ бәрібір Чемпиондар лигасының ойындары «Түркістан-Арена» стадионында өтеді. Қалай ойлайсыз, кешен ҚПЛ ойындарына қарағанда көбірек көрермен жинай алады ма?
– Иә, бұл өңір үшін үлкен мереке болатынына толық сенімдімін. Айта кетейін, онда тек жергілікті тұрғындар ойнайды, сондықтан стадион лық толы болады деп ойлаймын.
– Өз жас санатындағы біріншілікте тамаша өнер көрсеткен жігіттер түркістандықтардың негізгі құрамында өзін көрсетуге мүмкіндік алады ма?
– Біздің жігіттер Екінші лигада жүлделі орындарға таласатын дубльде ойын тәжірибесін енді ғана жинап жатыр, чемпионат аяқталмай жатып, дубль Академия ойыншыларымен толығады деп ойлаймын.

– Алдағы уақытта алматылық «Қайраттағыдай», «Тұранның» негізгі сапындағы легионерлердің орындарын ала алады ма?
– Иә, әрине. Академиямыздың және футбол орталығының басты мақсаты – негізгі құрамға және Қазақстан құрамасына ойыншыларды дайындау. Келесі жылы оқу-жаттығу жиынына бірнеше ойыншы бірінші командамен бірге ұшады деп ойлаймын.

– Клуб бюджетін оңтайландыру жасөспірімдер мен олардың бапкерлеріне әсер еткен жоқ па?
– Біздің үш команда Грекия мен Хорватияда өткен турнирлерге қатысты, бұл олар үшін үлкен тәжірибе болды. Онда олар «Црвена Звезда», «Хайдук», «Динамо Загреб», «Войводина», «Шахтер Донецк» және «Олимпиакос» сияқты командалардың академияларымен ойнауға мүмкіндік алды. Балаларды түрлі турнирлерге жіберу арқылы осы дәстүрді жалғастырамыз деп сенемін.
– Жасөспірімдер командасын енді алдыңғы қатарлы қазақстандық клубтар алып кетеді деп қауіптенесіз бе? Айтпақшы, жігіттерге түскен қызықты ұсыныстары бар ма?
– Қазірдің өзінде бірнеше ірі клубтар біздің ойыншыларға назар аудара бастады, бірақ қазір басшылық әр жас тобының жарқын өкілдерімен келісімшартқа отыру жұмысы жүріп жатыр. Біз оларға барынша жағдай жасауымыз керек, оның ішінде сапалы жатақхана мен тамақтандыру.
Қорытындылай келе, осы жұмыс кезеңі үшін барлық ойыншылар мен бапкерлерге үлкен алғыс айтқым келеді. Барлық қиындықтарға қарамастан жақсы нәтижеге қол жеткіздік. Сондай-ақ клуб басшылығына, облыс басшылығына қолдау көрсеткендері үшін рақмет.