Бірі үздік, бірі төрт турда бір тайм. Зайнутдинов пен Әліптің РПЛ-дағы жағдайы қалай?
Ресей чемпионатында бақ сынайтын қазақстандық талантты жас қос футболшының осы маусымдағы тағдыры екі түрлі болып тұр. Петорборлық жейдесінде бір ай бұрын кубок еншілеген Нұралы Әліптің клубтағы болашағы бұлыңғыр. Ал, қазақ топырағында шабуылшы позициясын меңгерген Бактиер Зайнутдинов бүгінде ЦСКА-ның қорғанысындағы ең үздік футболшыға айналды, деп жазады Prosports.kz.
Ресейдің гегемоны «Зенитте» қалуды жөн көрген Әліптің таңдауы басында құп көрінген. Клуб пен Сергей Семак қазақстандық футболшының сапта қалуына қарсы еместігін қадап айтқанымен, тағы бір орталық қорғаушы алуды көздеп отырғандарын жасырған емес. Жас футболшы үшін де соңғы жарты жылда даудан арылмаған, әрі бұрынғы демеушісі мен күшінен айырылған «Қайратқа» қайтқаннан гөрі РПЛ-да қалған әлдейқайда дұрыс болатын.
9 шілде күні Ресей суперкубогындағы «Спартакқа» қарсы ойында Әліп негізгі құрамда шығып, алаңда тоқсан минут өткізіп, медаль тағып, командамен кубок жеңіп алған. Мамандар тарапынан да ойыны жоғары бағаланды. Сол сәтте 22 жастағы футболшымыз «Зениттің» негізгі құрамының футболшысы атанады деп топшылаған едік.

Бірақ, Бундеслигадағы «Баварияның» стилінде лиганың бар мықты ойыншыларын құрамына тартуға тырысатын «Зенит» өткен маусымда үздік орталық қорғаушылардың бірі болған «Сочидегі» Родригаоны қатарына қосып алды.
Бүгінде Ресей чемпионатының төрт туры өтті, 26 жастағы бразилиялық барлық ойында негізгі құрамда шығып жүр. Семак оған жұп ретінде ресейлік Дмитрий Чистяковты немесе хорват Деян Ловренді шығарады. Сонда Әліп бас бапкердің таңдауындағы төртінші орталық қорғаушы. Тек соңғы «Ахматпен» өткен ойында Нұралы бір тайм алаңға шықты.

Әліптің ел біріншілігіне қайтуының қажеті жоқ деп есептейміз. Соңғы екі жылда деңгейі едәуір төмендеген чемпионат талантты футболшының да деңгейін төмендетпей қоймайды. Бірақ, «Зенитте» қалып, өз мүмкіндігін күтіп отырса да футболға мотивация төмендей ме деген қорқыныш бар. Әліптің қазір әр матчтағы ойнайтын шағы. Ұлттық құрамаға да керек. Сондықтан Ресейден басқа жерден ұсыныс түссе, немесе сол РПЛ-дағы алғашқы бестіктегі командалары өз қатарында көргісі келсе, Нұралыға команда ауыстыру дұрыс шығар деп ойлаймыз. Үш орталық қорғаушымен ойнайтын команда табылса, тіпті тамаша.
Бактиер Зайнутдинов Ресейде «әмбебап жауынгер» атанды. «Ростовта» шабуылда ойнаған Баха, ЦСКА-ға келіп қапталдағы латераль позициясын жақсы меңгерді. Ал осы маусымда жаңа бапкер Владимир Федотов қазақстандық футболшыдан сол қапталдағы орталық қорғаушы шығарды.

Бірінші себеп, Игнашеевич, ағайынды Березуцкийлар кеткелі бері ЦСКА қорғанысының күйі қашты. Гол өткізіп, күйгелектеніп, қорғаушыларды жерден алып, жерден салып жатқан Игорь Акинфеев әлеуметтік желіде жалпақ тілмен айтсақ «мемға айналды». Үш орталық қорғаушы жүйесінде ойнайтын ЦСКА-да Ресей чемпионатында топ-деңгейде өнер көрсететін жалғыз орталық қорғаушы - Игорь Дивеев. Басы қатқан Федотов Бактиерға осы позицияны жаба алады деп сенім артты. Сенім ақталды. Ақталғанда қандай, қатарынан үш тур бойы чемпионаттың үздіктер құрамынан орын алды. Орталық қорғаушы позициясында!
Екінші себеп, шабуылшы шебіндегі бәсекелестіктің жоғары болуы. Кучаев, Обляков Ресейдегі талантты футболшылар. Екеуі де Бактиердің құрдастары әрі бәсекелестері. Оған қоса, қазірге маусымның үздік трансфері саналып отырған колумбиялық Хорхе Карраскаль бар. Зайнутдинов ЦСКА-ның шілде айындағы үздік үшінші футболшысы атанса, оңтүстікамерикалық бұл номинацияда топ жарды. Үш гол соқты. Команданың көш басында тұруына тікелей көмегін тигізді. Сонымен қатар, шабуылда дәл осы Хорхенің құрлықтасы Хесус Медина бар. Ол да өз атына үш нәтижелі соққы жазды. Чемпионаттағы ең нәтижелі екі команданың бірі - ЦСКА. Сондықтан, дәл қазір Бактиерға мәскеулік команданың шабуыл шебінен орын табылады деу қиын.

Шабуылда шығудың реті келмесе де, негізгі құрамда ойып алар орыны бар. Жақында бір сұқбатында Қазақстан құрамасының бас бапкері Могамед Адиев Зайнутдиновты өз командамда басқа позицияда көремін деді. Онысы түсінікті, ЦСКА-да ойнап жүрген жерінде құрамада Әліп бар. Оның үстіне, құрама креативті ойыншыларға зәру. 24 жастағы футболшымыз ұлттық құрамадағы үздік ойындарын шабуылда өткізді. Мінезі, жауапкершілігі, еңбекқорлығының арқасында Бактиер ЦСКА-да қай позицияда ойнап жүрсе де, Қазақстан құрамасында шабуылда көмектесе алары айдан анық.