Арман Кеңесов: Қарымта кездесуде есе қайтарамыз деп сенемін

Арман Кеңесов: Қарымта кездесуде есе қайтарамыз деп сенемін

"Ақтөбе" ойыншысы "Мақтааралға" қарсы өткен матч жайлы пікірімен бөлісті.

— Ең алдымен, баршаңызды қасиетті Құрбан айт мерекесімен құттықтағым келеді. Бұл ойындағы алғашқы голды салғаным үшін Жаратқанға шүкір етем. Бірақ жеңіліске ұшырағанымыз өкінішті. Өзіміздің біраз мүмкіндіктерімізді пайдалана алмадық, сол жағы кемшін болған шығар. Ал қарсылас болса, үш мүмкіндігін де голға айналдыра білді. Алайда кубоктің топтық кезеңінде әлі бес ойнымыз бар. Ешкім де біздің мақсат-міндетімізді орындауымызға кедергі келтіре алмайды деп сенемін. Кубоктік трофейді ұту үшін де біз мейлінше ілгері жылжуға тырысатын боламыз.

— Сен солақай болғандықтан көбінесе сол қапталда ойнайсың. Ал мына матчта оң қапталда өнер көрсеттің. Негізі қай қанатта өзіңді еркін сезінесің?

— Қазіргі футболдың ерекшелігі сол, футболшыларда белгілі бір позицияның болуы қалып бара жатқандай. Ойын барысында да ол бос аймаққа қарай ойыса алады. Маған келсек, бапкер қай позицияға қойса, командаға пайдамды тигізу үшін кез келген жақта ойнай аламын.

— Екінші таймның басында сені ауыстырып тастады. Ол жарақатқа байланысты болды ма?

— Иә, аяғымда ауырсыну болды. Қарсыласты қуып жетуім ауырлай бастады. Командаға зардабымды тигізбеу мақсатында мені ауыстыруды сұрадым. Бүгін жеңілдік, бірақ өз алаңымызда жанкүйерлеріміздің көзінше қарымта кездесуде есе қайтарамыз деп сенемін. Бізді қолдап, қандай жағдай болса да жанкүйерлік ететін жандарға алғыс білдіремін.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или