«Ақтөбе» шабысын үдетіп, «Қайрат» қайратын жоғалтты

Футболдан ел чемпионатының екінші айналымы бастау алды. Соңғы ойындарда жанкүйерлердің аузына көп түсіп жүрген екі клуб болса, олар – «Ақтөбе» мен «Қайрат». «PROСПОРТ» тілшісі осы екі ұжымның биылғы шабысына баға беріп көрді.

Осыдан бір ай бұрын «Ақтөбеге» көш бастайды десе, ешкім сенбес еді. Алғашқы алты турдан соң екі ғана гол соғып, төрт ойынын 0:0 есебімен тең аяқтаған клубты фавориттер қатарынан алып тастауға асыққандар да болды. Бас бапкер Владимир Газзаевтың клубтан кеткенін қалайтындар да табылды ақтөбелік жанкүйерлердің арасынан. Сол кездегі сүреңсіз ойын үшін бәрі Газзаевты кінәлайтын. Ал қазір «Ақтөбенің» жағдайы бөлек. Кубоктық ойындарды қосқанда батысқазақстандық клуб қатарынан сегіз матчта жеңіске жетіп келеді.

Мұндай жеңісті серияның негізгі себебін ақтөбеліктердің қорғанысында деп айтар едім. «Ақтөбе» шабуылшыларының гол сала алмаған матчтары болған шығар, бірақ қорғаушылар барлық матчта өз міндетін толық атқара алды. Әйтпесе, «Ақтөбе» шабуылшыларының нәтижелілігі төмен. Келісіңіз, 12 ойында 14 гол соғу – көшбасшы команда үшін нашар көрсеткіш. Мысалы, төртінші сатыда келе жатқан «Астана» 12 турда 23 гол соқса, бесінші орындағы «Қайрат» 21 рет қарсыласының қақпасын дәл көздеген.

Жоғарыда айтқанымыздай, «Ақтөбені» мықты қылып тұрған – қорғанысы. Бүгінге дейін қақпашы Стас Покатилов 5 қана гол жіберген. Оның жеті матчты құраған гол жібермеу сериясы да есіңізде болар. Мұндай нәтижеге жету үшін жас голкиперге орталық қорғаушылар Айоделе Аделейе мен Юрий Логвиненко жұбы көп септігін тигізді. Еурокубоктың іріктеу кезеңдерінде қорғаныста сыр бермеу негізгі міндеттердің бірі екенін ескерсек, «Ақтөбе» жазда басталатын Еуропа лигасына дайын. Тек шабуыл шебі нәтижелі ойнай бастаса болғаны.

Ал енді «ең жақсы қорғаныс – шабуыл» деген ұстанымды қолданатын командаға көшсек. Алматылық «Қайрат» Премьер-лиганың соңғы алты турында бір-ақ рет жеңіске жетті. Өткен айда өз алаңында «Шахтерді» ұтқаны болмаса, мамыр айы Владимир Вайсс шәкірттері үшін сәтсіз өтуде. Биылғы маусымда «Қайрат» өзінің негізгі бәсекелестеріне ұпай таратып берді. Қонақта «Ақтөбе» әжен «Ордабасымен» ұпай бөліссе, «Тараз» бен «Астанадан» ұтылып қалды. Бұған өз алаңындағы «Атырау» мен «Ақтөбеден» жеңілісін қосыңыз.

«Қайраттың» биыл әлі жетіп жүрген командалары «Тобыл», «Ертіс», «Шахтер», «Жетісу» және «Оқжетпес» секілді клубтар. Айта кетейік, алғашқы төртеуі жақында ғана бас бапкерлерінен айырылса, «Оқжетпес» биылғы жылы ғана Премьер-лигаға оралған ұжым.

Бас бапкер Владимир Вайсс командада қалатын болса, үлкен өзгерістер жасайтынын айтқан болатын. Жерар Гоу секілді сұрмергені, Бауыржан Исламхан секілді плеймейкері бар команданың шабуыл шебіне сын тағу артық болар. Бірақ соңғы турларда «Қайраттың» қорғанысы көп сыр беріп жүр. Қарсыласының шабуылшыларына көп мүмкіндік беріп қояды орталық қорғаушылар. Оның үстіне, голкипер Плотниковтің де көп қателесіп жүргенін байқадық. Владимир Вайссқа дереу командаға өзгеріс енгізу қажет, әйтпесе клуб биыл да чемпиондықтан ерте қол үзіп қалуы мүмкін.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или