«Футболшының ғұмыры өте қысқа, әр сәтіңді бағалау қажет»

«Футболшының ғұмыры өте қысқа, әр сәтіңді бағалау қажет»

«Тараз» футбол клубының жартылай қорғаушысы Prosports.kz сайтына берген сұхбатында командасы жайлы, мансабы туралы айтып берді. Биыл «Баджо» бес нәтижелі пастың авторы атанып үлгерді. 

– Бауыржан, футболға алғашқы қадамды Таразда жасадыңыз ба?

-  Иә, туған қаламда футболмен шұғылданып бастадым. Үлкен ағам 8 жасымда ОРМБЖМ-ға футбол секциясына әкелді. Бұрын көшеде футбол ойнаудан басқа қызық болмайтын. ОРМБЖМ-да алғашқы бапкерім Марат Жақыпбаев болды. Оның қол астында 16 жасыма дейін жаттықтым. 

- Футболшы ретінде қалыптасуыңызға қатты әсер еткен жаттықтырушылар болды ма? Өзіңіз ұстас санайтын бапкер бар ма?

- Футболшы болып қалыптасуыма күнделікті жаттығу әсер етті. Бала кезден режиммен өмір сүріп, футболшы болғаныма дейін жалғасады. Тәртіптің арқасында кез келген нәтижеге жетуге болады. 

- «Тараздың» негізгі құрамына 16-17 жасыңызда қосылдыңыз. Негізгі құрамдағы алғашқы жаттығуларыңыз қалай өтті?

- 2009 жылы алғаш рет «Тараздың» дублін жасақтап, жас футболшылар қаралымнан өтті. Ол кезде жасым 16-да еді. 50-60 адам қаралымнан өтіп, ішінен мені таңдады. Негізгі командаға 17 жасымда қосылдым. Дубльдің балаларын негізгі құраммен жаттықтырып жүрді. Бас бапкеріміз Владимир Фомичев менің бойым қысқа болғандықтан негізгі құрамға қосқысы келмеді. Өзге балалар негізгі құраммен жаттығып жүргенде, мен дубльде қалдым. 

Бірақ мені Қазақстан жасөспірімдер құрамасына шақырды. Сол кезде Фомичев кім шақырту алғанын сұрап, артынша мені негізгі құрамның жаттығуына қосты. Қызық оқиға болған еді. 

Ол кезде командада ағайынды Евстигнеевтер, Әзиз Анарметов, Нұртас Кургилин ойнап жүрді. Әзиз Анарметов мені финт жасағаным үшін қатты бір ұрсып алғаны бар (күліп). Қазір ол «Тараздың» бапкерлер құрамында жұмыс істейді. Екеуіміз сол кездерді жиі еске аламыз. Негізгі құрам сапындағы алғашқы матчымды 17 жасымда «Востокқа» қарсы өткіздім. Маған сенім артқаны үшін Владимир Фомичевке үлкен алғысымды айтқым келеді. Ол кісі мансабымда кездестірген ең әділ бапкерлердің бірі. 


- Сіз бірнеше командада ойнап үлгердіңіз. Қай клубта өткізген уақытыңызды мансабыңыздағы ең үздік кезең деп айта аласыз?

- Қазір туған «Тараз» командасы сапында өткізіп жатқан уақытымды үздік дей аламын. Жас кезімде көп жарақат алып, әдемі футбол көрсете алмадым. Бірақ есейе келе жарақаттар мазамайтын болды. Сондықтан бұрын өзімді көрсете алмадым деп ойлаймын. 

- Маусым сіз үшін қалай басталды? Бабыңызда жүрсіз бе?

- Маусымды жақсы бастадық деп санаймын. Әрине, әлі істейтін жұмыс көп. Ең бастысы еш тоқтамай, ұпай ала беру керек. Өзімді жақсы сезінемін. Әріптестерім секілді мен де тек жақсы нәтижені көздеп жүрмін. 

 

- «Таразда» алдыңызға қандай да бір мақсат қойдыңыз ба?

- Өзіме былтырмен салыстырғанда жақсырақ нәтиже көрсетемін деген мақсат қойдым. Бұған қоса командама жоғары жетістікке жету үшін көмектескім келеді. Былтыр 7 гол соғып, 3 нәтижелі пас бердім. Биыл бұдан да жақсы нәтиже көрсетсем деймін. 

- Сіз биыл «Тараздың» соққан барлық голына қатыстыңыз…

- Бұл бар команданың жетістігі. Бірінші кезекте, гол соққан адамдардың арқасы. Мен өзіме артылған жұмысты атқарамын. 

- Қазір екінші деміңіз ашылғандай күйде емессіз бе?

- Жоқ, әрине! Өзімді бұрынғыдан жас сезінемін (күліп). Ал екінші демім 35 жастан кейін ашылады деген ойдамын. 

 

- Бойыңызға дарыған бар дарынды көрсете алмадым деген ой мазаламай ма?

-  Иә, ондай сезім бар. Үш маусымды жарақатымның кесірінен өткізіп алдым. Жас кезімде бар қабілетімді көрсете алмадым. Әрине, бұл көңіліме әсер етеді. Кем дегенде Ресей чемпионатында ойнасам деген едім, бірақ жарақатым кедергі болды. Қазір сол кезде кеткен есемді қайтарып, өзім көрсете алатын ең жоғары деңгейде ойнасам деймін. 

- Таразда өткізген уақытыңызда қай жағынан мықты бола түстіңіз?

- Есейдім. Кез келген мәселені байыппен, кәсіби шешуді үйрендім. Қазір қызықты ысырып тастап, бар уақытымды тек футболға арнауды қалайтын секілдімін. Болашақта уақытымның бос кеткеніне өкінгім келмейді. 

Жас буын осы сөздерімді оқып, футболшының ғұмыры қаншалықты қысқа екенін түсінеді деп ойлаймын. Сондықтан әр сәтті бағалау қажет. Қазір футболда сәттілік пен жол болудың жоқ екенін түсінгендеймін. Көп еңбектенген сайын жолың ашыла береді. Футбол құндылығын, жалпы, көп нәрсені түсініп, есейдім деп ойлаймын. 

 

- «Тараздан» бөлек Қазақстанның мықты футболшысы кім?

- Егер жеке менің тізімімді алсақ, әр кезеңнің өз мықтылары болды. Кезінде Нұрбол Жұмасқалиев пен Самат Смақов мықты еді. Қазіргі буыннан Бауыржан Исламхан мен Бактиер Зайнутдиновты айтуға болады. 

- Сізге қарсы дөрегі ойнағанда қалай қабылдайсыз?

- Дөрекі, бірақ таза ойнағанда - «отала» (жақсы жағынан) түсесің. Ал лас ойнаса эмоцияңа ие болу қиын. Бір-екі «әдемі» сөз айтқың келеді. 

- Позицияңыздағы өзге әріптестеріңізбен қалай сөйлесесіз?

- Жақсы қарым-қатынастамыз. Алаңда бәсекелестік адалынан болады, ал оның сыртында бәріміз доспыз. Жанкүйерлердің әлеуметтік желіде жазған пікірлерін оқып, қуанамын. Жылы сөздеріңіз бен қолдауларыңыз үшін көп рахмет. Алаңда жүздескенше!

Фото: «Тараз» ФК баспасөз қызметі

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или