«Байсуфиновтың да, Масудовтың да кандидатурасын қарастырған жоқпыз»

«Байсуфиновтың да, Масудовтың да кандидатурасын қарастырған жоқпыз»

Түркістанның «Тұран» футбол клубының директоры Айбек Тлеужан Prosports.kz сайтына эксклюзивті сұхбат беріп, клубтағы жағдай жайлы, маусымды сәтсіз бастауының себебі турасында айтып берді.

- «Тұран» директоры қызметіне келгелі істеген жұмысыңызға қандай баға бересіз?

- Шыны керек, өзіме баға беруге үйренбегенмін... Қандай да бір мақсат болса - сол бағытта жұмыс істейміз, ал тапсырмалар болса - оларды орындау керек. Мен әрқашан жұмысымды жақсы істеуге тырысамын. Директор қызметіне келгелі жеткен ең маңызды жетістігіміз - басты мақсатымызды орындадық: команда Премьер-Лигадағы орнын сақтап қалды. Құрылымдық өзгеріс жасап, клубтың жұмысы өзгерді. Бүгінде команда сәл өзгеше жұмыс істейді.

Команданың 700 миллион теңге көлемінде болған, біз жыл соңына дейін 104 миллион теңгені оңтайландырдық. Соңынан футболшылар алдындағы барлық қарызды жаптық. 

Жаңа маусымда команда құрамы 90% өзгерді. Қазақстандық деңгейде командамыз жақсы жасақталды. Бірақ алғашқы турларда команда үйренісе алмай, жеңілістер болды. Дегенмен ештеңе қарамастан уайым жоқ, командаға сенеміз. Әркез клубтың барлық бөлімінде тәртіп болуын талап етемін. Әр футболшы өз міндетін түсініп, жұмыс істейді. Бұдан бөлек ойыншылардың артық уайымы болмауын қадағалаймыз. Олар жаттығып, жақсы ойнау қажет. Ал қалғаны - қызметкерлердің міндеті. Әркім өз жұмысына жауапкершілікпен қарауы маңызды. Өйткені футболда жұмыстың үлкен-кішісі жоқ.

Аз уақыт ішінде біз бірнеше идеяны іске асырдық: жанкүйерлерге арналған фан-шопты аштық, стадионда фудкорд қызметін бастады. Жанкүйерлер ойынды жайлы көруі үшін барлық жағдайды жасауға тырысып жатырмыз. Осы ретте, Еуропа футболын үлгі етіп аламыз. Адамдарға футбол мерекесін сыйлағымыз келеді. Жанкүйерлер стадионға отбасымен келіп, ойыннан барынша ләззат алса дейміз.

Тағы айта кетерлігі, біз ірі әуе компаниясымен серіктестік орнатқан жалғыз қазақстандық командамыз. Клубтың титулдық демеушісі - еліміздегі ірі әуе компанияның бірі FlyArystan. Бұған қоса, командаға тағы да демеуші тарту бағытында жұмыс атқарып жатырмыз. 

- Маусымаралық үзілісте ойлағандарыңыз толықтай іске асыра алдыңыздар ма?

- Селекцияны жақсы өткіздік деп айта аламын. Командаға пайдасын тигізетін жас ойыншыларды алдық. Алға қойылған мақсатты орындай алатын, бірден негізгі құрамда ойнайтын шетелдік тәжірибелі футболшыларды шақырдық. Олардың қатарында Абдуллай Диакате, Чиди Осучукву, Эмиль Балаев, Тони Сильва және басқалары бар. 

- Неге бас бапкер қызметіне Владимир Газзаевты таңдадыңыздар?

- Владимир Газзаев «Ақтөбе» мен «Тобылда» жақсы нәтиже көрсеткен. Осыған байланысты оның кандидатурасын қарастырдық. Бұған қоса ол чемпионаттың деңгейін,  Қазақстан футболын ішінен жақсы білетін. Сондықтан Владимир Газзаевпен келісімшартқа отырдық.  

- Бірақ «Ақтөбеде» де, «Тобылда» да келісімшартын соңына дейін атқармадық. Бұл жолы Владимир Газзаев үш матчтан соң қызметенін кетті. Оның себебі неде?

- Командадан кетуіне отбасылық себеп әсер етті. Бәрі Ресейдегі қазіргі ахуалды жақсы біледі. Сондықтан ол осындай қиын уақытта отбасымен бірге болуды шешті. 

- Қазір команда бас бапкерсіз. БАҚ беттерінде Талғат Байсуфинов пен Вахид Масудовпен келіссөз жүріп жатқаны туралы ақпарат шықты. Бұл қаншалықты шындық?

- Өз басым екеуімен де байланысқа шықпадым. Байсуфиновпен де, Масудовпен де сөйлеспедім. Олардың кандидатурасы клубқа қарастырылған емес.

- Қазір командада Ғафуржан Сүйімбаев, Еркебұлан Тұңғышбаев және Седрик Гогуа неге жоқ екенін айта аласыз ба? 

- Сүйімбаев және Тұңғышбаевпен келісімшарт бойынша келісе алмадық. Сондықтан олар жиында командадан кетті. Ал Седрик Гогуамен келісімшартқа отырған едік, алайда көші-қон қызметі оған Қазақстан аумағына кіруге тыйым салған екен. Бір қызығы, бұл жайлы оның агенті білген екен. Бірақ сонда да келісімшартқа отырды. Бұл біз үшін үлкен сабақ болды.

Алдағы уақытта шетелдік ойыншылармен келісімшартқа отырар алдында олардың өкілінен құжаттарының дұрыс екенін талап етеміз.

- Клубтың биылғы бюджеті қандай?

- Бюджетіміз көп командалармен бірдей-ақ. Президенттің жолдауында кәсіпқой футбол клубтары бюджеттен 1 миллиард 200 миллион теңгеден артық қаражат алмауы керегі және футболшылардың айлық жалақысы 2 миллион теңгеден аспауы керегі жайлы айтылды. Сол себепті осы талапты орындаймыз. 

- Клубтың қаржылық жағдайына қарасты қандай мақсат қойылды? «Тұранның» бастапқы мақсаты маусымды сәтсіз бастаған соң өзгермеді ме?

- Команда тек былтыр Премьер-Лигадағы дебютін өткізді. Бірақ бұған қарамастан, басшы ретінде менің алдыма, жаттықтырушылар мен футболшылардың алдында әр матчта тек жеңіске жету деген мақсат қойылды. Біздің жеңістен басқа мақсатымыз жоқ.

Маусымды нашар бастағанымыз рас, оның өз себептері бар. Оның үстіне, кейінгі матчтарда бізге сәттілік жетіспей келеді. Дегенмен чемпионат енді басталды. Әлі жағдайды түзеуге уақыт бар. 

- «Тұранға» өз алаңын «Мақтааралмен» бөлісу қиындық туғызбай ма? Алаңға қосымша жүктеме артылғандықтан сапасына әсер етпей ме?

- Түркістан облысында «Тұраннан» бөлек «Мақтаарал» және «Яссы» командалары бар. Олар да «Түркістан Аренада» ойнайды. Стадион жеке мемлекеттік кәсіпорын екенін айта кету керек. Стадион «Самұрық Қазына» АҚ қаражаты есебінен салынып, облысқа сыйға тартылды. Бұл жерде алаң сапасын қадағалап жүрген стадион жұмыскерлеріне алғыс айту керек.

- Өңірдегі балалар футболының жағдайы қалай?

- Балалар футболына ерекше назар аударамыз. Академияны дамыту үшін шетелдік мамандарды шақырттық. Олар жаттықтырушылар аттестациясын өткізді. Егер мықты футболшыларды дайындағымыз келсе, жұмысты жаттықтырушылардан бастау керек. Бапкерлерді іріктеумен Еуропа және Ресей академияларында жұмыс істеген тәжірибелі мамандар айналысты. 

Біздің мақсат - бас командаға жергілікті ойыншыларды көбірек тартып, мүмкіндік беру. Оңтүстік өңірі әрқашан дарында футболшыларымен танымал болған.

- Маусым басындағы төрешілердің жұмысына қалай баға бересіз? Сіздердің қақпаларыңызға пенальти де белгіленді, соғылған голдарыңыз да саналмады, футболшыларыңыз алаңнан қуылды. «Ордабасыға» қарсы матчтағы төрешілердің жұмысына сұрақтарыңыз бар екенін де білеміз.

- Кейбір сәтте төрешілер бізге қарсы шешім қабылдағандай көрінеді. Мысалы, «Ордабасыға» қарсы матчта пенальти белгілеуге болатындай екі ереже бұзылды. Бұған қоса төреші алаңнан шыққан Максим Фединге қызыл қағаз көрсетті. Ол «Тұран» ойыншылары гол соқты деп ойлап, алаңға қуаныштан жүгіріп шыққан. Бұл сәтте тек ол ғана емес, біраз ойыншыларымыз гол соқтық деп ойлады. Сондықтан төреші ойыншыны түсініп, ауызша ескертумен шектелсе болар еді. «Қайратқа» қарсы матчта маңызды ойыншымыздан айырылдық. 

- «Тұран» директоры қызметіне келгеніңіз үшін өкінбейсіз бе? Өйткені Қазақстан футболына сырттан келу өте қиын ғой...

- Жоқ, футбол клубының директоры болғаныма өте қуаныштымын. Кейде осының бәрі бір Құдайдың бергені деген ой келеді. Мүмкін біреулер үшін таңсық болар, бірақ мен бес жасымнан футбол ойнаймын. Маған жақын адамдар футболға қаншалықты адал екенімді біледі. Қазір клубты басқарып отырмын. Мұндай мүміндік көп бола бермейді деп санаймын. Тек ақымақ адам мүмкіндігін пайдалана алмас. Сондықтан мен лайықты нәтиже көрсетіп, облыстың үмітін ақтағым келеді. Егер әркім өз жұмысын адал атқарса, оның жемісін көретіні анық. Қазақта «Басы қатты, Аяғы тәтті» деген сөз бар. 

Маған артылған жауапкершілікті сезінемін. Ұжымда жас мамандар жұмыс істейді. Заңгер, есепші, маркетолог, медиа-қызметкері - бәр жас мамандар. Оларға үлкен мүмкідік берілді. Олардың бойынан футболға деген құлшынысты көремін. Қазақстан клубтары арасында ең жас ұжым бізде. 

Сөз соңында барлық қазақстандыққа бейбітшілік, жақсылық, келісім мен амандық, ал біздің футболға өркендеуді тілеймін!

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или