Аслан Дарабаев: Нақты нәтижеге қол жеткізе алдық
«Астананың» жартылай қорғаушысы Аслан Дарабаев – «Мақтааралмен» өткен матч жайында ойымен бөлісті.
– Аслан, «Мақтааралды» 3:0 есебімен ұттық. Жалпы сіз үшін ойын қалай өтті?
– Нұр-Сұлтаннан ауа райы +25 градус жылы Түркістанға келгенімізді ескерсек те, жалпы ойын біздің бақылауымызда болды. «Мақтааралдың» ойынын талдай келе, олардың мықты және осал тұстарын білдік. Нәтижесінде нақты нәтижеге қол жеткіздік.
– Кездесудің есебінде «Астананың» басымдығы өте үлкен. Таблоға қарағанда, жеңіс оңай болғандай көрінді. Негзінде солай болды ма?
– Ешбір ойын оңай немесе жеңіл болмайды, әрқашан зейін қойып ойнау қажет, себебі бір сәтте бәрі өзгеруі ғажап емес. Қарсыластар қақпасын гол соққанымызға қуаныштымыз, бірақ бізде тағы да есеп ашатын керемет мүмкіндіктер болды. Голдың саны мен жеңістеріміз қаншалықты көп болса, соғұрлым команданың сенімі де арта түспек.