Өмірзақ Шөкеев «Тұран» ФК жаттықтырушылары және ойыншыларымен кездесті
«Түркістан Арена» стадионында «Тұран» ФК жаттықтырушылары мен ойыншылары Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевпен кездесті.
Облыс әкімі «Тұран» футбол клубына алдағы маусымда сәттілік тілеп, жоғары нәтиже көрсетуге сенім білдірді.
«Футбол деген спорт қана емес, үлкен саясат. Командалар жанкүйерлерді, тұтас өңірді біріктіреді. Сондықтан мен өз тарапымнан футболшыларға әрдайым қолдау көрсетемін. Былтыр «Тұран» премьер-лигада тұңғыш рет ойнағандықтан бірден биік меже қойылған жоқ. Бірінші лига мен премьер-лиганың айырмашылығы өте үлкен. Дегенмен жігіттер бастапқыда тосырқағанымен кейін үйреніп, Премьер-лигада қалу тапсырмасын орындады.
Биыл «Тұран» командасы биіктен көрінуі тиіс. Оған толық мүмкіндік бар. Оқу-жаттығу жиындары ойдағыдай өтті, бас бапкер, жақсы ойыншылар келді. Сапалы стадион, 2 миллионнан астам жанкүйерлеріңіз бар. Түркістан облысының тұрғындары сіздерден жеңіс күтеді», – деді Өмірзақ Шөкеев.
«Тұран» ФК директоры Айбек Тлеужан облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевке естелікке команданың жаңа жейдесі мен ойын добын табыстады.