«Қайрат» «кеншілерді» аямады

Футболдан ел чемпионатының тоғызыншы турында алматылық «Қайрат» қарағандылық «Шахтерді» қабылдады. «Астананың» Қызылордада ұпай жоғалтқанын пайдаланған алматылық ұжым «кеншілерді» жеңіп, көш басына шықты, деп хабарлайды «PROСПОРТ».

Алматыда турнир кестесінде бір-бірінен алыс орналасқан екі клуб кездесті. Маусым басталғалы қарқынын күшейтіп, чемпиондыққа таласып жатқан «Қайрат» биыл өте сәтсіз өнер көрсетіп, аутсайдерлер қатарына қосылған «кеншілермен» күш сынасты. Бұл «Шахтер» 0:3 есебімен жеңіліп жатып, таразы басын теңестіріп тастайтын баяғы «Шахтер» емес еді.

«Қайраттың» ойынын сағынған алматылық жанкүйерлер, әдеттегіше, Орталық стадионның Батыс трибунасын толтыра отырды. Матч басталысымен-ақ сүйікті футболшыларына қолдау көрсетіп, жігерлендірумен болды.

Бірақ екі команда да ойынның басында бар күшімен шабуылдауға асыққан жоқ. «Қайрат» допқа иелік еткенімен, «Шахтердің» қорғанысын мазалайтындай ештеңе істей алмады.

Тек 9-минутта ғана бразилиялық Сержиньо екі қорғаушыдан өтіп, айып алаңына енер тұста соққы бағыттаған. Қақпашы Игорь Шацкий жақын бұрыштан допты алып шықты. Көп ұзамай жанкүйерлер матчтағы алғашқы голды көре алады. Бұрыштан әуелеген допқа Жарко Маркович бірінші секіріп, есеп ашты.

Бұл голдан кейін екі команда қарқынын сәл түсірді. Қарағандылықтар қос қаптар арқылы қарымта шабуылдарға иек артқанымен, бұл ұмтылыстарынан нәтиже шыға қойған жоқ. Алматылық қорғаушылар өз жұмыстарын сенімді атқарды. Алаң иелерінің Жерар Гоу, Сержиньо бастаған шабуылшылары да Шацкийді жойқын соққыларымен мазаламады. Осылайша командалар үзіліске дейін ауыз толтырып айтарлықтай шабуыл ұйымдастыра алмады.

Екінші таймның басы Роман Мұртазаевтың алыстан тепкен добымен есте қалды. Оның өзі қақпадан биік кетті. Бұған алматылықтар екі бірдей соққысымен жауап қатты. Алдымен Исаэль жасаған соққы бағананың қасынан өтсе, артынша Виталий Ли Исаэль асырған тамаша пасты голға айналдыра алмады.

57-минутта Заурбек Плиев айып алаңына еніп, ұрымтал тұстан гол соға алмады – қақпашы Шацкий допты алып шықты. Дегенмен жанкүйерлердің көңілі түсіп үлгергенше, Исаэль сол аяғымен жақын бұрышты дәл көздеді – 2:0.

70-минутта Ли әдемі қарымта шабуылды баста5fy. Гоумен пас алмасқан ол қақпашымен бірге-бір шыққан болатын. Алматылық жанкүйерлердің өкінішіне қарай, жас шабуылшы Шацкийден айласын асыра алмады.

Матч соңына таман Владимир Вайсс шәкірттері тағы бір қарымта шабуылды сәтті пайдалана алды. Исаэльдің пасынан кейін Жерар Гоу қақпашымен бірге-бір шыққан, Шацкий бұл жолы да командасын құтқарды. Алайда екінші деммен жасалған соққы «Шахтер» қақпасына үшінші голдың кіруімен аяқталды. Көзге түскен – Бауыржан Исламхан. Бұл матчтағы соңғы гол емес екен. Сол қанаттан әуелегенді допты Жерар Гоу түйіндеп, осы маусымдағы тоғызыншы голын салды – 4:0.

Осылайша «Қайрат» 17 ұпаймен турнир кестесінің көш басына шықты. Әйтсе де, екінші және үшінші орындарда келе жатқан «Ордабасы» мен «Ақтөбенің» еншісінде де сонша ұпайдан бар. Ал «Шахтер» бес ұпаймен, соңғы орынға табан тіреді.

«Қайрат» - «Шахтер» 4:0 (1:0)

Голдар: 1:0 – Маркович 10, 2:0 – Исаэль 57, 3:0 – Исламхан 81, 4:0 – Гоу 85

«Қайрат»: Плотников, Лунин, гурман, Маркович, Қуат, Плиев, Дарабаев (Исламхан 46), Ли (Рудосельский 71), Исаэль, Гоу, Сержиньо (Риера 82).

«Шахтер»: Шацкий, Коструб, Азаматов, Дубков, Порываев, Карпович (Өміртаев 74), Петрацци, Наджарян (Васильев 64), Вошаглик (Ветров 46), Мұртазаев, Топчагич.

Төрешілер: Руслан Дүзмамбетов (Өскемен), Александр Полуэктов (Тараз), Сергей Обрядов (Семей).

25 сәуір 2015 ж. Алматы қ, Орталық стадион.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или