Рауан Сәриев не үшін мансабын аяқтағанын айтты
Қазақстандық футболшы, «Оле Бразил» жобасының түлегі Рауан Сәриев не үшін мансабын аяқтау туралы шешім қабылдауының себебін түсіндірді.
– 2019 жылы «Жетісу-Б» сапында Бірінші лиганың екі ойынына шықтың, одан кейін алаңда көрмедік. Шақырту болмады ма, әлде басқа себеп болды ма?
– Шыны керек, футбол ойнағым келмеді. Жиі жарақат алдым. Әр қозғалысқа жарақатым кедергі болды. Содан кейін өзім «осымен доғарайын» деген шешімге келдім. Басқа себеп жоқ.
– 2015 жылы «Ордабасыдан» кейін төрт жыл үзіліс алып, одан кейін Бірінші лигада ойнадың. Сол аралықта өзіңді «Ақжайықпен» оқу-жаттығу жиынында болды деген, алайда көрмедік…
– Иә, оқу-жаттығу жиынына қатыстым, бірақ бірінші күні сіңірімді зақымдап алдым. Одан кейін Алматыға келіп, бірден ота жасаттым. Емделу, қайта қалыпқа келу процесі ұзақтау болды. Үзілістің төрт жылға созылғаны да, «Ақжайықта» ойнамауымның да себебі осы, - деді футболшы «Қазақ спорты» газетіне берген сұхбатында.
Атйа кетейік, Рауан Сәриев «Оле Бразил» жобасы аясында Бразилияда «Ботафого» академиясында дайындалып, кейін Қазақстанда «Қайрат», «Ордабасы» және «Жетісу» секілді клубтарда ойнады.