Агуэро: Мансабымның қалай өрбігенін мақтан тұтамын
«Барселона» шабуылшысы Серхио Агуэро баспасөз мәслихатында кәсіби карьерасын не үшін аяқтағанын айтты.
Аргентиналықтың мұндай шешімге келуіне жүрек ақауы себеп болған. Баспасөз мәслихаты кезінде Агуэро ұзақ уақыт көз жасын тыя алмады.
«Дәрігерлер ойнауды доғаруым керегін айтты. Шешімді он күн бұрын қабылдадым. Футболға қалуға мүмкіндік аз болса да бар қолымнан келгенін жасадым.
Мансабыма толық көңілім толады. Оған қоса мансабымның қалай өрбігенін мақтан тұтамын. Бес жасымнан футбол ойнауды армандаған едім», - деді футболшы.
Естеріңізге сала кетейік, шабуылшы «Алавеске» (1:1) қарсы матчтың бірінші таймында тахикардияға байланысты ауыстырылған болатын. Матчтан кейін Агуэроның жағдайы жақсы екені хабарланды. Кейінірек форвардтың жүрек ақауына байланысты кемінде үш ай алаңға шықпайтыны белгілі болды.
Агуэро Барселонаға осы жылдың шілде айында ауысқан болатын. Футболшы каталондық клубқа «Манчестер Ситиден» еркін агент ретінде ауысты.