«Астана» футболшылары төрешіге наразы болып, алаңнан кетіп қалған. Төреші қандай қате жіберді?
«Астананың» бас бапкері Андрей Тихонов футболдан Қазақстан чемпионатының 25-турындағы «Қайратқа» қарсы матчта төрешілер жұмысына көңілі толмай, футболшыларын алаңнан алып кетті, деп хабарлайды Prosports.kz.
Бұл матчтың 41-минутында болды. Елордалықтардың бас бапкерінің пікірінше, Камо Оганесян елордалық Тигран Барсегянді итеріп жіберген, бірақ төреші ол жерде ойын тәртібі бұзылмады деген болатын.
Бапкердің пәрменімен алаңнан кетіп қалған елордалық футболшылар үш-төрт минуттан кейін қайта шықты. Ол кезде алматылық клубтың футболшылары да, төрешілер де алаңда күтіп тұрған.

Бас төреші Игорь Чесноковтің бұл ойындағы жұмысын кейін федерация бағалай жатар. Бірақ елордалық клуб түгелдей алаңды тастап кететіндей өрескел қате көрінбеді.
Бірақ астаналық футболшылар төрешіге тиісуін матч алдында бастаған. Тихоновтің өзі де, футболшылар да матч әділ өтсе екен деген еді. Бұл ойында бәрін шешетін төрешілер деген де пікір айтылды. Ал матч бастала салысымен елордалық футболшылар төрешінің әр ысқырығына наразы бола бастады, әсіресе Марин Томасов қазымен жиі дауласты.
Алаңға оралғаннан кейін «Астана» футболшылары допты өз қақпасына соғып ала жаздады.
Екінші таймда да елордалықтардың есепті теңестіретін қауіпті мүмкіндіктері болмады, керісінше, алаң иелері есепті еселеуге жақындау болған сияқты. Бірақ кездесу алматылықтар пайдасына 1:0 есебімен аяқталды.
Осы жеңілістен кейін елордалықтар турнир кестесінде екінші орынға түсіп қалды. Бәрі соңғы турда шешіледі, бірақ бәрі «Астананың» емес, көш басына шыққан «Тобылдың» қолында тұр.