Жаңбырлы күндегі «құрғақ» жеңіс

Ел чемпионатының үшінші турында «Қайрат» өз алаңында «Жетісуді» қабылдап, 2:0 есебімен жеңіске жетті деп хабарлайды «PROСПОРТ».

Толассыз жаңбырға қарамастан стадионға жиналған көрермендердің қарасы мол болды. Олардың қатарында Қазақстан кәсіпқой футбол лигасының төрағасы Олжас Абраев та бар.

Ойын тізгіні бірінші минуттардан бастап толықтай «Қайраттың» еншісінде болды. Матчтың 19-шы минутында Риераның айып алаңына кіріп бағыттаған соққысын Пасеченко қайтара білді. Қарымта шабуылдарда қонақтар сапынан Ринат Хайруллин алаң иелерін біраз әуреге салды.

25-ші минутта оң қапталдан шабуылға араласқан Қуантаев әріптестеріне пас асырған болатын, алайда әуелеген допқа ешкімнің басы тимеді. 10 минут бойы «Қайраттың» шабуылдары оң қаптал арқылы өрбіді.

Кездесудің бірінші бөлігіндегі ең қауіпті сәт 39-шы минутта болды. Орталық қорғаушылардың қателігін «Жетісу» шабуылшысы Деспотович тиімді пайдалана алмады. Плотников қорғаған қақпаға бағыттаған соққысы бағанадан биік кетті.

Екінші тайм басталған уақытта қонақтар алаңға кешігіп шықты. Таймның алғашқы қауіпті соққысын 54-ші минутта Исламханнан пас алған Жерар Гоу бағыттады, бірақ доп қақпадан әлдеқайда биікке кетті. Қуантаевтың оң қапталдан шығарған пасына командаластары аяғын тосып үлгірмеді.

Екінші таймның 58-ші минутында Исламхан айып алаңына кіріп, Қуантаевқа пас шығарды. Ермек өз кезегінде мүлт кетпей, Пасеченко қорғаған қақпаның алыс бұрышына допты бағыттады. Есепте алдыға шыққан алаң иелері тізгінді қайта қолға алып, қонақтарды біраз әбігерге түсірді. 72-ші минутта Исламханның алыстан бағыттаған жойқын соққысына Пасеченко шеберлік танытып, өз қақпасын тағы бір голдан аман сақтап қалды.

Ойынға үш минут қосылған сәтте қонақ команданың қорғаушылары Гоуға қарсы тәртіп бұзды. 11 метрлік айып добын Гоудың өзі мүлтіксіз орындап, есепті 2:0-ге жеткізді.

«Қайрат» - «Жетысу» 2:0 (0:0)

Голдар: 1:0 - Қуантаев 58, 2:0 - Гоу (пен) 90+

«Қайрат»: Плотников, Рудосельский, Гурман, Маркович, Қуантаев, Плиев, Бакаев, Исламхан (к) (Калинин 90+2), Байтана (Дарабаев 74), Гоу, Риера (Ли 90)

«Жетісу»: Пасеченко, Киров, Михайлов, Эргашев, Сағындықов, Хайруллин, Цветкович, Шахметов (Азовский 71), Родионов (Сариев 73), Савич, Деспотович

Ескертулер: Деспотович 45, Михайлов 68, Байтана 71.

Төрешілер: Игорь Чесноков (Өскемен), Ғалымжан Айжігітов (Қызылорда), Денис Виноградов (Петропавл)

15.03.2015 ж., «Орталық» стадион

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или