Үздік қақпашыға Құралбек Ордабаев атындағы жүлде беріледі
Қазақстан кәсіпқой футбол лигасы Құралбек Ордабаев атындағы жүлде тағайындады, деп хабарлайды Prosports.kz.
«6 тамызда атақты қазақстандық қақпашы Құралбек Ордабаев 72 жасқа толды. Қазақстан кәсіпқой футбол лигасы Құралбек Досжанұлын құттықтай отырып, оның жақындарына денсаулық пен амандық тілейді!
Ордабаев КСРО спорт шебері. «Металлург» (Шымкент), «Қайрат» (Алматы), «Мелиоратор» (Шымкент) командаларында ойнаған. КСРО халықтары арасындағы спартакиадасына Қазақ КСР құрамасы сапында қатысқан. Сонымен қатар одақтың жастар құрамасында өнер көрсетті. КСРО чемпионатының жоғарғы лигасында 185 матч өткізді.
Құралбек Досжанұлы кеңес футболы тарихындағы 11-метрлік айып соққыны қайтару бойынша үздік қақпашылардың бірі. 1973 жылы Жоғары лига командалары арасындағы КСРО чемпионатында ойыннан кейінгі пенальти сериясында 14 соққы, ойын барысында 2 пенальти қайтарып, рекорд орнатты.
Қазақстан кәсіпқой футбол лигасы ағымдағы маусымнан бастап жыл қорытындысы бойынша үздік қақпашыға берілетін символикалық жүлдеге атақты қақпашының атын береді. Бұдан былай маусымның үздік қақпашысына Құралбек Ордабаев атындағы жүлде табысталатын болады», - деп жазды ҚКФЛ баспасөз қызметі.