«Қайрат» чемпионатты жеңіспен бастады

7 наурызда футболдан Қазақстан Премьер-лигасы бастау алды. Алғашқы турда алматылық «Қайрат» өз алаңында қостанайлық «Тобылды» қабылдап, алғашқы үш ұпайына ие болды, деп хабарлайды «PROСПОРТ».

Көктемнің ызғарына қарамастан «Қайратты» қолдау үшін «Орталық» стадионға жиналған жанкүйерлердің қарасы мол болды. Олардың қатарында Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов те бар.

Футболды сағынған фанаттарының қолдауымен алаң иелері алғашқы минуттан ойынды өз қолдарына алды. «Тобыл» да қорғаныста мығым ойнап, реті келсе, қарымта шабуылдан бақ іздеді. Қақпаға алғашқы соққы 7-ші минутта бағытталды. Оң қанаттан әуелеген допқа бірінші жеткен Жарко Маркович Александр Петухов қақпасын нысанаға алған, алайда доп қонақтардың иелігіне қауіп төндірген жоқ.

Кездесудің 15-ші минутында алматылық ұжым маусымдағы алғашқы голын соқты. Қорғаушылардың арасынан сытылып шыққан Жерар Гоу Александр Петуховқа қарсы жекпе-жекте жеңімпаз атанды – 1:0. 21-ші минутта алматылықтар есепті еселей жаздады – бұрыштан әуелеген допқы бірінші болып Тимур Рудосельский секірген болатын, бірақ қорғаушының баспен жасаған соққысы қақпадан қиыс кетті. Көп ұзамай бас төреші Виктор Антонов пенальти нүктесін көрсетті – қостанайлықтар өз айып алаңында Ермек Қуантаевқа қарсы ойын тәртібін бұзған болатын. Нүктеге келген Жерар Гоу мүлт кеткен жоқ.

Жауапсыз қос доп жіберіп алған Вардан Минасян шәкірттері таймның орта белінде белсендірек ойнап, есеп айырмасын қысқартуға ұмтылды. Дегенмен шабуылдың басым көпшілігі қақпаға соққы бағыттаумен аяқталмай, Владимир Плотников ойынға көп араласа қойған жоқ. Командалар үзіліске кетерде Исаэльдің пасынан кейін Гоудың хет-трик жасайтын мүмкіндігі болды, алайда Петухов қонақтарды құтқарып қалды.

Екінші тайм да Владимир Вайсс шәкірттерінің басымдығымен өтті. 55-ші минутта Ермек Қуантаев командасына тағы бір пенальти әкелді. Бұл жолы нүктегекоманда капитаны Бауыржан Исламхан келді, Бауыржан соққыны сенімді орындады – 3:0. Бірнеше минуттан соң «Тобыл» «стандарттық» шабуылды голға айналдыруға жақын болған, тек Плотников қақпада сенімді ойнады.

68-ші минутта Исаэльдің алыс бұрышқа жасаған соққысынан кейін Петухов шарасыз қалған, бірақ доп қақпаның бағанасы тиіп, кері серпілді. Үш минуттан соң Нұрбол Жұмасқалиев Плотников қақпасынан саңлау тапты. Қостанайлық жанкүйерлердің өкінішіне қарай, қапталдағы төреші жалаушасын көтеріп, голды есепке алмады – оффсайд.

79-шы минутта Заурбек Плиев сол қанатта ойын тәртібін бұзып, сары қағазбен жазаланды. Осындай ескертуді екінші рет алған Плиев кездесуді уақытынан бұрын аяқтап, командасын он ойыншымен қалдырды. Сандық басымдыққа ие болған қонақтар шабуылда жылдамдығын арттырып, қауіпті соққылар жасай бастады. Бұл тұста Плотниковтың да шеберлігін байқап қалдық.

Төреші қосқан қосымша уақытта қараусыз қалған Жерар Гоу Михаил Бакаевтың әдемі пасынан кейін допты Петухов қақпасында төртінші рет тулатып, хет-трик авторы атанды. Ал «Қайрат» ел біріншілігінің алғашқы турында «Тобылды» ірі есеппен жеңіп, турнир кестесінің алғашқы сатысына жайғасты.

«Қайрат» - «Тобыл» 4:0 (2:0)

Голдар: 1:0 – Гоу 15, 2:0 – Гоу 25 (пен), 3:0 – Исламхан 55 (пен), 4:0 – Гоу 90+

«Қайрат»: Плотников, Рудосельский, Гурман, Маркович, Қуантаев, Плиев, Бакаев, Исламхан (Лунин 88), Исаэль (Байтана 90), Гоу, Риера (Дарабаев 86).

«Тобыл»: Петухов, Кучера, Садовничий, Аслан, Кургулин, Мкртчян, Шливич (Мошников 46), Жұмасқалиев, Шимкович (Калу 57), Красич (Юрин 79), Бугаев.

Ескертулер: Плиев 15 – Аслан 24, Бугаев 25, Кургулин 65

Алаңнан қуылды: Плиев 79

Төрешілер: Виктор Антонов, Андрей Попов, Айдын Тасыбаев (бәрі де – Павлодар).

7.03.2015 ж. Алматы қ., «Орталық» стадион

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или