«Жат жарылқамайды, өз өлтірмейді». Меркель деген кім өзі?

Швейцариялық «Грассхоппер» футбол клубының жартылай қорғаушысы Александр Меркель Қазақстан Ұлттық құрамасының сапында ойнауға келісімін берді. «Миланның» бұрынғы ойыншысы Ұлттық құрамаға шақырту алып, өзінің дебюттік ойынын наурыздың 28-і күні Еуропа Чемпионатының іріктеу кезеңі аясындағы Исландияға қарсы болатын кездесуде бастамақ.

Александр Меркель 1992 жылдың 22-ақпанында Алматы қаласында дүниеге келген. Әкесі Василий Меркель жастық шағында футболмен айналысып алматылық «Локомотив», «Қайрат» клубтарында доп тепкен. Артынша Германияға қоныс аударып үлкен бизнеспен айналысады. Александр Меркель футболдағы алғашқы қадамын сол жақта бастады. «Вестарвальд» мектебінде білім алып, кейін «Штутгарт» академиясына қабылданды. 2008 жылы, 16-жасында әлемнің ең үздік клубтарының бірі «Миланмен» келісімшартқа қол қойды. Үш жылдай россанеридің жастар командасында өнер көрсетті. 15 гол соғып, үздік ойыншылардың қатарына енді.

2010 жылы Чемпиондар Лигасындағы «Аяксқа» қарсы ойында бас бапкер оны «Миланның» негізгі құрамында шығарды. Бірақ сол кездесуде «Милан» 0:2 есебімен жеңіліс тапты.

Италия кубогінде Меркель гол соққанымен, клуб оны «Дженоаға» тәжірибе жинау үшін жалға береді. «Дженоада» 2011 жылы негізгі құрамның ойыншысына айналды. Маусымның екінші жартысында «Миланға» қайтып оралған ол жарақат алып қалғандықтан, небәрі бір ойында алаңға шығады. 2013 жылы «Удинеземен» келісім шартқа отырады. Бұл жақта да оның жолы болмады, клуб оны ағылшындық «Уотфордқа» жалға береді. Ал биылғы маусымда швейцариялық «Грассхоппер» сапында өнер көрсетуде.

2007-2011 жылдар аралығында Меркель Германияның жасөспірімдер мен жастар құрамасында ойнады. Бір сұхбатында ол Ресей жейдесін киіп халықаралық аренада орыстардың атынан өнер көрсеткісі келетінін ашық айтты. Бірақ, ол уақытта Сашканы ресейліктер керек те қылмады. Амал нешік, уақыт өтіп бара жатыр. Қазір Меркельді жас ойыншы деп айтуға келмес, себебі ол 22-де. Салыстырма ретінде, қазақ құрамасының көшбасшысы Бауыржан Исламхан қазір 21 жаста. Қазақта «жат жарылқамайды, өз өлтірмейді» деген әдемі мақал бар. Яғни кіндік қаның тамған жерде ғана сені ел мойындап қолпаштайды. Басқа жерде қадірің – жапалақтың жұмыртқасындай, неше жерден талантты болсаң да. Мұны «сары бала» жақсы түйсінгендей. Сондықтан дұрыс шешім қабылдап қазақ құрамасына қосылды.

Меркель қай қырынан мықты?

Түзу пастың хас шебері

Командамыздың әрбір ойынын бақылап қарасақ, кемшіл тұстың бірі – пасты дұрыс жеткізіп бермеу. Әсіресе әуелетіп беру жағы. Қарымта шабуыл кезінде, алыста ашылған ойыншыға пас дұрыс жетпей көрермендердің көңіл күйін түсіреді. Қазірде Ұлттық құрамамызда доп теуіп жүрген, дюссельдорфтық «Фортунаның» қорғаушысы Генрих Шмидтгаль пасты дәл бергенімен, командаластары оны игере алмай қарынды аштырады. Себебі қабілеттері жетпейді. Еуропалық үлгіде ойын көрсететін, пас беру өнерін жіті меңгерген Шмидтгаль мен Меркельдің артықшылығы осыда. Whoscored.com сайтының ұсынған мәліметіне сүйенсек, Меркель пастарының 82,7 пайызы болжалаған мекен-жайына дәл жетеді.

Исламханға қолқанат

Юрий Красножан Ұлттық құраманы баптағалы бері, командамызда техника деген нәрсе пайда бола бастағандай. Мәселен, «қазақтар» бұрында қарсыластарын шалып жығу, итеру арқылы ғана тоқтататын болса, қазірде допты айла, әдіс арқылы тартып алу жиі көрініс беруде. Бұл шеберлікке байланысты. Сондай шеберлеріміздің бірі, құраманың басты қозғаушы күшіне айналған – Бауыржан Исламхан. Красножан бұл ойыншыны кейде сол қапталдағы шабуылшы ретінде қолданады. Бірақ негізгі позициясы шабуылға араласатын жартылай қорғаушы. Меркель екеуін ортаға қойса, өзара түсіністік пайда болатыны анық. Себебі екі жартылай қорғаушының да дриблинг, финт, паспен қамтамасыз ету, қорғанысқа да араласу жағынан шебер екені мәлім.

Стандарттық жайғдайларды жақсы орындай білуі

Бұл жағынан Ұлттық құрамамыздың ойыншылары кенде емес. Дегенмен, айып соққылар мен бұрышдоптарды қорытындылайтын орындаушылар табылмай жатады. Меркель «Дженоа» сапында жүргенде стандарттық жағдайлардан жиі соққы бағыттайтын. Бұрыштамадан берген пасты да орынды пайдалана алады.

Ұлттық құрамадағы орны қай позиция болмақ?

Юрий Красножан бұл ойыншы сол жақтағы жартылай қорғаушы ретінде қолданары анық. Себебі командамыздың осы қапталы әлсіздеу. Богданов, Коробкин, Шабалиндерге енді ойын уақыты аз бөлінетін секілді. Сол жақтағы қорғаушы рөлін атқаратын Шомкоға жәрдем беріп, допты шабуылшыларға жеткізетін ойыншы Меркель болуы тиіс. «Сашаны «Миланда», «Грассхопперде» жүргенде ойнын бақылап жүрдім. Оның позициясы орталық жартылай қорғаушы болғандықтан, біздің құрама үшін бұл үлкен көмек болады», - дейді құрамамыздың бас бапкері.

Сол қапталдағы шабуылшы ретінде де жақсы ойнай алады. Бірақ соңғы уақытта Азат Нұрғалиев бұл позицияны ешкімге берер емес. Красножан егер Азатты ауыстыратын болса, бәсекелестік қыза түседі. Бәсеке бар жерде сапа артып нәтиже болатынын жақсы білесіздер. Ал ендеше іске сәт дейік «жаңа қазаққа», жанкүйерлер наурыздың 28-де Исландияға қарсы өтетін «Астана-Аренадағы» ойынды тағатсыздана күтуде.

Есбол ҚАРАҒҮЛ

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или