Еуро-2020. Испания хорваттармен «хоккей ойнап», ширек финалға шықты
Дания астанасы Копенгаген қаласында Еуропа чемпионатының 1/8 финалының бесінші матчы өтті, деп хабарлайды Prosports.kz.
Әлемнің вице-чемпиондары Хорватия мен соңғы ірі жарыстарда сәтсіз ойнап жүрген Испания құрамасы кездесті.
Пиреней түбегінің өкілдері матчты белсенді бастады. «Атлетико» футболшысы Коке ұрымтал тұстан гол соға алмады. Ал, хорваттар күтпеген жерден есеп ашып кетті. Шабуылдамай, қақпаға соққы бағыттамай. Алаңның ортасынан келген пасты Испания қақпашысы Унаи Симон аяғының астынан өткізіп алды. Доп қақпаға еніп кетті. Гол пас берген Педридің атына жазылды.

Луис Энрике шәкірттері шабуылдауды доғарған жоқ. Тайм аяқталар тұста таразы басын теңестіре алды. Айып алаң ішінде қырағылық танытқан Пабло Сарабия Доминик Ливакович қорғаған қақпадан саңылау тапты.
Матчтың екінші бөлігі турнирдегі ең үздік тайм болды десек артық айтқандық болмас. Сезар Аспиликуэта мен Ферран Торрестің голдарынан кейін Испанияның келесі кезеңге өтетіні күмән туғызбаған еді. Алайда, 85-минутта Мислав Оршич есепті қысқартса, Марио Пашалич таблодағы көрсеткішті 3:3-ке жеткізді. Бұл екі футболшы да алаңға матч барысында шықты. Хорватия бас бапкері Златко Даличтің көрегендігіне таңдай қақтық.

Луис Энрикенің де қара жаяу емес екенін овертаймда аңғардық. 71-минутта алаңға шыққан Дания Ольмо 100-минутта айып алаң ішіндегі Альваро Моратаны пасымен дәл тапты. Турнир барысында сыннан көз ашпаған «Қызыл Фурия» шабуылшысы допты ырқына бағындырып, сол аяғымен жойқын соққы бағыттап, командасын есепте алға шығарды. Үш минуттан кейін дәл сол Ольмо енді Микель Оярсабальға голдық пас берді. «Реал Сосьедад» футболшысы қорытынды есепті тіркеді - 3:5! Матчта екінші рет камбэк жасайтын хорваттарда күш қалмаған еді.
Айта кетейік ширек финалда Италия мен Австрия, Дания мен Чехия ойнайды. Ал, Испания Франция - Щвейцария жұбының жеңімпазын күтеді.
Еуропа чемпионаты-2020. 1/8 финал.
Хорватия - Испания - 3:3 (0:0)
Гол соққандар: Педри, 20 - автогол (1:0); Сарабия, 38 (1:1); Аспиликуэта, 57 (1:2); Ферран Торрес, 77 (1:3); Оршич, 85 (2:3); Пашалич, 90+2 (3:3), Мората 100 (3:4), Оярсабаль 103 (3:5)
28 маусым. Копенгаген. «Паркен» стадионы