Поляк Козловски Еуро тарихындағы ең жас футболшы атанды
«Погонь Щецин» мен Польша ұлттық құрамасының жартылай қорғаушысы Кацпер Козловски Испания құрамасымен Евро-2020 топтық кезеңінің екінші тур ойынында алаңға шығып, турнир рекордын орнатты, деп хабарлайды Prosports.kz.
Козловски Матеуш Кличтің орнына шығып, Еуропа чемпионаты тарихындағы ең жас ойыншы болды. Ол 17 жас 246 күнінде ірі турнир алаңына шықты. Кацпер алты күн бұрын Англия-Хорватия матчында ағылшын жартылай қорғаушысы Джуд Беллингем (17 жас 349 күн) алаңға шыққан кезде орнатылған рекордты жаңартты.
Еске сала кетейік, Е тобында испандықтар мен поляктардан басқа Швеция мен Словакия құрамалары өнер көрсетеді.
Еуро-2020 өткен жазда өтуі керек еді, бірақ коронавирус пандемиясына байланысты турнир 2021 жылға ауыстырылды. Матчтар 11 шілдеге дейін Еуропаның бірнеше қаласында өтеді.