Андрей Тихонов пен Давид Лория Мәдениет және спорт министрімен кездесті
Қазақстан Республикасының Мəдениет жəне спорт министрі Ақтоты Райымқұлова «Астана» футбол клубының бас директоры Давид Лория жəне бас бапкері Андрей Тихоновты қабылдады.
Əуелі Ақтоты Райымқұлова бүгінде «Астана» Еуропада өзіндік жеңіске толы дəстүрі қалыптасқан клубқа айналғанын атап өтті.
«Құрылғанына енді он жылдан асқан клуб қарт құрлықтағы бəсекелерде жүйелі түрде өнер көрсетіп, еліміздің бетке ұстар командасына айналды. Ел чемпионатында қатарынан 6 жыл бойы топ жарғаны, Чемпиондар жəне Еуропа лигасының топтық кезеңінде белді ұжымдармен бір деңгейде ойнап келе жатқаны басшылық пен бапкерлер қосынының арқасында мүмкін болды. Бас қаламызда футбол үйірмесіне қатысатын кез келген жеткіншек болашақта осы команда қатарында ойнағысы келеді»,-деді министр.
Өз кезегінде қазіргі «Астана» құрылған алғашқы жылы бірге доп тепкен Давид Лория мен Андрей Тихонов министрге жылы лебізі үшін алғыс айтып, клубтың қала үшін маңыздылығына тоқталды.
Клубтың бас директоры қазіргі əлемдегі қиын кезеңге қарамастан «Астана» үнемі жоғары мақсат қоятынын, ел ішіндегі ғана емес, халықаралық додаларда сəтті өнер көрсетуге тырысатынын жеткізді.