Әлем футболы

Эриксен драмасы - өмір мен өлім арпалысы. Дәрігерлердің ерлігі тоқтаған жүректі тірілтті

Эриксен драмасы - өмір мен өлім арпалысы. Дәрігерлердің ерлігі тоқтаған жүректі тірілтті
news-banner7
mobile-news-top

Кешегі трагедиямен аяқтала жаздаған ойындағы эпизод - футболдағы ең қорқынышты кадрлардың бірі, деп жазады Prosports.kz журналисі Фараби Әбдіхалық.

Копенгаген. Дания - Финляндия матчының 42-минуты. Соңғы онжылдықтағы үздік жартылай қорғаушылардың бірі Кристиан Эриксен өңі қашып, тентіректеп барып көгалға кескен теректей құлап түсті. Бәрі аң-таң. Түк түсінбеген футболшылар. Тек, Дания капитаны Симон Кьер жағдайдың мүшкіл екенін бірден бағамдап, Кристианның тілін жұтып қоймағанына көз жеткізіп, алғашқы көмек көрсетеді.

Бас қазы Энтони Тейлордың бұйрығымен Эриксеннің жанына жеткен дәрігерлер футболшының өмірін сақтап қалу үшін он минут арпалысады. Жиналған көрермендер де, футболшылар мен бапкерлер де Кристианның амандығын тілеп, кейбірі көз жасқа ерік берді. Дания ойыншылары оқиға орынын қоршап, дене түршігерлік эпизодты телекамералар мен трибунадағы жанкүйерлерге көрсетпеуге тырысады.

Кейін белгілі болғандай 29 жастағы футболшының жүрегі тоқтап қалған екен. Дәрігерлер жүрекке жабық массаж жасап, дефибриллятор көмегімен оның соғысын қалыпқа келтірген. Кейін медициналық арбаға жатқызылып, дереу жақын маңдағы ауруханалардың біріне жеткізіледі. Алып бара жатқан кезде көпшілік көзіне футболшыны көрсетпес үшін Финляндия елінің туы да қолданылған екен. Эриксеннің есін жиған, жасанды тыныс алу аппаратымен тыныстап жатқан стадиондағы суреті әлеуметтік желілерде кейін пайда болды. Жарты сағат бойы бәрі қуанышты хабар күтті. Күдік те жоқ емес еді.

Эриксен алаңнан кеткен жарты сағаттан кейін Дания футбол одағының Твиттерінде «Кристиан Эриксен есін жиды және Ригшоспиталет ауруханасында медициналық тексеруден өтіп жатыр» деген хабарлама пайда болды. Жартылай қорғаушыны капитан Кьер мен команда дәрігері құтқарып қалған.

Эриксен ауруханадан әріптестеріне хабарласып, матчты жалғастыруын өтінген. 42-минутта тоқтап қалған ойын қайта жалғасып, Финляндия 1:0 есебімен ұтып, турнирдегі алғашқы сенсация нәтижені тіркеді. Осындай дүбірлі додаға тұңғыш рет қатысып жатқан финдік футболшылар қарсыласқа құрмет ретінде тарихи голды тойлаған жоқ.

Көшбасшы футболшысынан айырылған, психологиялық соққы алған дат футболшылары маңызды ойында ұтылып қалды.

Бірақ олардың ең маңызды жеңісі - Эриксеннің тірі қалғаны.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер