«Қайрат» қорғаушылары жабылып жүріп «Тобылға» бір ұпай сыйлады
Футболдан Қазақстан чемпионатының алтыншы турында «Қайрат» өз алаңында қостанайлық «Тобылды» қабылады, деп жазады Prosports.kz.
Орталық стадиондағы матчтың алғашқы голын қонақтар соқты. Үшінші минутта капитан Азат Нұрғалиев есеп ашты. Алайда алаң иелері қарымта допты 20-минутта қақпаға дарытты. Хосе Канте мергендік танытты.
Қызықтың бәрі екінш таймда болды. Төрешінің ысқырығы естілісімен, қарсылас қақпасын торуылдаған алматылықтар 68-минутта тағы да сол Кантенің көмегімен есепте алға шықты. Бірақ екі минуттан кейін «Қайрат» қорғаушысы Раде Дугалич өрескел қателік жіберді. Қақпашыға пас беру кезінде артынан жүгіріп шыққан Неманья Николичті байқамай қалды. Серб шабуылшысы Стас Покатиловтың алдын орап кетіп, өз командасының матчтағы екінші голын соқты.
82-минутта Камо Огонесян екінші сары қағаз алып, алаңнан қуылып, «Қайратты» қиын жағдайда қалдырды. Бірақ алаң иелері әр ойында жанын салып ойнайтын қырғыз Гүлжігіт Алықұловтың арқасында пенальти еншілеген. Ал нүктеге келген тағы бір қорғаушы Нұрәлі Әліп өткенде ғана Килиан Мбаппенің пенальтиін қайтарған Александр Мокиннен айла асыра алмады. Нәтижесінде бір қорғаушы қарсыласқа гол соғуға көмектесіп, бір қорғаушы алаңнан қуылып, бір қорғаушы пенальти соға алмай, «Қайратты» қолда тұрған үш ұпайдан айырды.
Қостанайлық «Тобыл» маңызды матчта азулы қарсыластан ұтылған жоқ. Алматыдағы тең ойыннан кейін Григорий Бабаян командасы алтынға аяғына дейін таласатынын анық аңғартты.
Алтыншы турдан кейін «Қайрат» пен «Тобылда» 12 ұпайдан. Екеуі 3-4 орындарды бөлісіп тұр. Көшбасында еншісінде 14 ұпайы бар «Астана». Екінші орындағы «Таразда» да 14 ұпай.
«Қайрат» (Алматы) – «Тобыл» (Қостанай) – 2:2 (1:1)
Гол соққандар: Нұрғалиев 3 (0:1),Канте 20 (1:1), 67 (2:1), Николич 70 (2:2)