Франция қайда, біз қайда... Әлем чемпиондарына қарсы мүмкіндік бар ма?

Франция қайда, біз қайда... Әлем чемпиондарына қарсы мүмкіндік бар ма?

Жексенбі, 28 наурыз күні футболдан Қазақстан Ұлттық құрамасы 2022 жылы Катарда өтетін әлем біріншілігіне іріктеу кезеңін бастайды. Талғат Маруанұлы Байсуфинов баптайтын командамыз Нұр-Сұлтанда екі мәрте әлем чемпионы Францияны қабылдайды. Мишель Платини, Зинедин Зидан секілді әлем футболының жарық жұлдыздарының шоғыры шыққан француздармен жасыл алаңда жолымыз әлі түйіспеген. Үш күн бұрын өз алаңында Украинаны ұта алмай сан соққан Дидье Дешам жігіттері елордаға қарсыласты тас-талқан етеміз деген оймен келгені анық, деп жазады Prosports.kz сайты. 

Франция - соңғы бес жылдықта үздік ұлттық құрама деп сенімді айта аламыз. «Үш жолақтылар» 2016 жылы Еуропа чемпионатында күміс жүлде алды, 2018 жылы Ресейде өткен жаһан біріншілігінде топ жарды. Құрамы кіл мықтыға толы француздармен тайталаса алар команда әлемде кемде-кем. Дәл қазір жоқ та шығар. ФИФА рейтингінде 121-орында жүрген Қазақстан құрамасы азулы, әрі ашулы Францияға қарымды қарсылас бола алмас.

Ойын алдындағы баспасөз мәслихаты кезінде Байсуфинов команданың үздік футболшысы Бактиер Зайнутдинов матчқа қатыса алмайтынын айтып қалды. Мәскеулік ЦСКА сапындағы соңғы ойында жарақат алған екен. Ресейлік клубтың дәрігерлері ескертіп айтпаған, жарақат бар екені құрама сапына келген соң белгілі болды. Ал Зайнутдиновсіз команда шабуылының күні қараңғы. Допингтен басы дауға қалған Бауыржан Исламхан жоқ кезде жалғыз сенгеніміз осы жігіт еді. 

Қазақстан іріктеу кезеңіндегі алғашқы ойынын өткізгелі отырса, Франция бірінші тур аясындағы матчта Украинамен кездесті. Сен-Денидегі «Стад-де-Франс» стадионында өткен ойын 1:1 есебімен аяқталды. Француздар қанша шабуылдағанымен Андрей Шевченко командасы бір гол ғана жіберді. Бір мәрте ұтымды қарымта шабуылға шығып, таразы басын теңестіріп, бір ұпайға қол жеткізді. Франция сапынан «Барселона» шабуылшысы Антуан Гризманн гол соқты. 

Аламан доп додасына іріктеудегі D тобында Қазақстан, Франция, Украинамен қатар, Финляндия және Босния құрамалары бар. Топ фавориті француздар екені сөзсіз. Қазақстан құрамасы үшін 8 матчта 7-8 ұпайды қоржынға салудың өзі үлкен жетістік болар.

Қазақстан - Франция кездесуі 28 наурыз күні Нұр-Сұлтандағы «Астана-Арена» стадионында өтеді. Басталу уақыты - 19:00. Тікелей трансляцияны мына сілтеме арқылы тамашалауға болады.

Матчқа Беларусь елінің төрешілер тобы қызмет етеді. 

Мокин Ұлттық құрама сапына оралды. Гризманн, Мбаппелерге қарсы матчта 39 жастағы қақпашы негізгі құрамда шығуы мүмкін

Франция құрамасының бапкері Қазақстанның екі футболшысын мақтады

Төменде Қазақстан - Франция матчына арналған қос команданың құрамын ұсынамыз:

Қазақстан құрамасы:

Қақпашылар: Александр Мокин («Тобыл»), Бекхан Шайзада («Ордабасы»), Стас Покатилов («Қайрат»), Мұхаммеджан Сейсен («Тараз»);

Қорғаушылар: Марат Быстров («Ахмат», Ресей), Абзал Бейсебеков («Астана), Нұралы Әліп («Қайрат»), Ян Вороговский («Беерсхот», Бельгия), Дмитрий Шомко («Ротор», Ресей), Руслан Валиуллин, Сергей Малый, Александр Марочкин (барлығы – «Тобыл»), Олжас Керімжанов («Тұран»), Темірлан Ерланов, Тимур Досмағамбетов (екеуі де – «Ордабасы»), Тимур Рудосельский («Лори Ванадзор», Армения);

Жартылай қорғаушылар: Еркебұлан Тұңғышбаев, Елхан Астанов (екеуі де – «Ордабасы»), Айбол Әбікен, Данияр Үсенов (екеуі де – «Қайрат»), Асхат Тағыберген, Азат Нұрғалиев, Серікжан Мужиков (барлығы – «Тобыл»), Владислав Васильев («Энергетик-БГУ», Беларусь), Рамазан Оразов («Чайка», Ресей), Максим Федин, Максим Самородов (екеуі де – «Ақтөбе»);

Шабуылшылар: Абат Айымбетов («Крылья Советов», Ресей), Рамазан Кәрімов («Каспий»);

Франция құрамасы: 

Қақпашылар: Майк Меньян («Лилль»), Уго Льорис («Тоттенхэм»), Стив Манданда («Марсель»), Альфонс Ареоля («Фулхэм»).

Қорғаушылар: Ферлан Менди («Реал»), Люка Динь («Эвертон»), Преснель Кимпембе (ПСЖ), Лео Дюбуа («Лион»), Клеман Лангле («Барселона»), Люка Эрнандес («Бавария»), Курт Зума («Челси»), Рафаэль Варан («Реал»), Бенжамен Павар («Бавария»).

Жартылай қорғаушылар: Поль Погба («Манчестер Юнайтед»), Усман Дембеле («Барселона»), Адриен Рабьо («Ювентус»), Мусса Сиссоко («Тоттенхэм»), Тома Лемар («Атлетико»), Танги Ндомбеле («Тоттенхэм»), Кингсли Коман («Бавария»).

Шабуылшылар: Килиан Мбаппе (ПСЖ), Антуан Гризманн («Барселона»), Оливье Жиру («Челси»), Антони Марсьяль («Манчестер Юнайтед»), Виссам Бен-Йеддер («Монако»).

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или