«Ақтөбе» мен «Тобыл» біз күткен ойынды көрсетпеді. «Ел классикосы» осы ма?
Қазақстан чемпионатының екінші турындағы «Ақтөбе» мен «Тобыл» матчы тең есеппен аяқталды. Матчта қауіпті шабуылдарға қарағанда, ойын тәртібі бұзылған кез көп болды, деп жазады Prosports.kz.
Бұл осы турдың ғана емес, чемпионаттың басындағы орталық матч саналған еді. Ойынның өзі Ақтөбеде өткенде, матч тартысты болар ма еді? Тым құрығында, ақтөбелік фанаттар ойынды қызық қыла түсер еді.
Бірақ Алматыдағы «Жас Қыран» стадионында өткен ойында футболшылар тартысты ойын көрсете алмады. Тек ойын тәртібі жиі бұзылды. Екі команданың 7 футболшысы сары қағаз алды.

Үзіліске дейін командалар қақпаға дәл бір ғана соққы жасады. Бұл алаңдағы ойынның нақты бейнесін көрсетеді. Командалар сақ ойнап, шабуылға белсенді бара қойған жоқ.
Үзілістен кейін де осындай ойын жалғасқан. Тек 54-минутта «Ақтөбе» күтпеген жерден есеп ашып кетті. Айып алаңына әуелеген допты Игор Сергеев басымен қақпаға дәл бағыттады.
Матч фавориті саналған қостанайлықтар шабуылға тұра ұмтылады деп ойлаған едік, олай болмады. Тек стандарт арқылы таразы басын теңестіре алды. Ақтөбеліктер өз айып алаңына жақын маңнан ойын тәртібін бұзды. Серікжан Мужиковтің соққысын Жасур Нәрзіқұлов дұрыс қайтара алмайды, Руслан Валиуллин қанжығасын майлады.
Есеп теңескеннен кейін екі команда да белсендірек ойнай бастады. Қауіпті шабуылдар болды. Матч соңына қарай «Ақтөбе» ойыншысы Рифат Нұрмұғаметтің гол соғатын мүмкіндігі болған, бірақ оңтайты тұстан асығыс тепті. 1:1 - бұрын «Ел классикасы» саналған матч жанкүйерлер күткен ойынды көрсете алмады.
Құрамы толықтай жаңарған «Ақтөбе» өз ойнын таппағаны анық, бұған түсінікпен қарауға болады. Ал чемпионат фавориттерінің бірі, ел Суперкубогының иегері «Тобыл» сүреңсіз ойын көрсеткені қалай?
Қазақстан чемпионаты – 2021. 2-тур.
«Ақтөбе» – «Тобыл» 1:1 (0:0)
Голдар: Сергеев 54 – Валиуллин 71.
20 наурыз. Алматы. «Жас Қанат».