«Масқара-Арена» ма, әлде масқара шешім бе? Кәсіпқой футбол лигасы Түркістандағы матчты өткізуге қалайша рұқсат берді?
Футболдан Қазақстан чемпионатының кезекті маусымы басталды. Жоспарланған жеті матчтың алтауы өтті. Шымкенттегі «Ордабасы» мен «Ақжайықтың» кездесуі кейінге қалды. Шымқалада ауа райының тосын мінезі қос командаға футбол ойнауға мүмкіндік бермеді. Бірақ бір күн бұрын Түркістандағы ауа райы футбол матчын өткізуге өте «қолайлы» еді. Футбол деп айтуға ауыз бармайтын түсініксіз спекталь көрдік. Бір жақсысы, футболшылардың 90 минут бойғы алаңдағы азабы қазақ футболындағы былықтардың бетін ашып берді, деп жазады Prosports.kz тілшісі Фараби Әбдіхалық.
Киелі Түркістанда бір апта бұрын ғана үлкен футбол мерекесі өткен еді. Суперкубоктағы матчтардың тартысты өткеніне мас болдық па, «Түркістан-Арена» стадионның сапасы мен оның бағасын, жеті мың адам ғана сиятынын көп сөз етпедік. Қазақтың қаржысы қайда шашылмай жатыр, отыз жылда екінші стадион да салынды, соған шүкір деп өз-өзімізді жұбаттық. Кеткен қырық миллионға жуық еуроға тағы да дәл осындай кемі екі стадион салуға болатынын салыстырып көрдік. Әлем тәжірбиесіне көз жүгірттік. Есептедік, таңдай қақтық. Біздің елде бәрі қымбат шығар, бәлкім стадионның сапасы тамаша шығар, алтынмен апталған шығар деп қойдық.

«Тамаша» стадионда өнер көрсетуге мүмкіндік алған «Тұран» командасы бірінші турда еліміздің ең жүлделі командасы «Астананы» қонақ етті. Тарихи оқиға. Жанкүйерлер де трибунадан «тамаша» стадионда «тамашаны» тамашалауға мүмкіндік алды.
«Түркістан-Аренадағы» жасыл алаң сапасының «сырты бүтін, іші түтін» екеніне көз жетті. Бір апта бұрын, ауа райы футбол ойнауға қолайлы болып тұрған кезде сапасы жақсы көрінген. Бірақ, нөсерлетіп жаңбыр жауып еді, аренадағы жасыл алаңның қара жерден айырмашылығы жоқ екенін көрсетіп берді. Стадионды салған, қабылдаған, пайдалануға жіберген жауапты адамдар не дер екен?

Стадионның сапасын айттық. Бірақ дәл осындай алаңда футбол ойнауға бас қазы қалай рұқсат берді? Лига басшылығы неге матчты өткізу жайлы шешім қабылдады? Әдетте, жаңбыр жауған күні төреші ойын алдында алаң сапасын зерттейді. Сапасы сын көтермесе матчты өткізбейді.
Желтоқсан айында Италия чемпионатындағы «Удинезе» - «Аталанта» матчының алдында бас қазы екі команданың капитанын ертіп алып, алаңның жағдайы ойын өткізуге болмайтынын көрсетті. Кейін лига басшылығы кездесу кейінге қалдырылғаны жайлы шешім қабылдады.

Бір қызығы Кәсіпқой футбол лигасы басшысы Олжас Абраев ойынды басқа мерзімге ауыстыру туралы бірде-бір хат алмадық деп ақталды. Ол клуб пен лига арасындағы мәселе делік. Бірақ неге клубтардың пікірін сұрап отыру керек? Алаңның жағдайы футбол ойнауға келмейтіні бәріне көрініп тұрды ғой. Бас қазы матч өткізілмейді десе, ешкімнің оған қарсы келер құқығы жоқ. Көнсін, көнбесе «-3» ұпай. Барлық клуб лига басшылығына бағынуы керек.
Ойыннан кейін сол «Астананың» бас бапкері Андрей Тихонов пен вице-капитаны Антонио Рукавина бұл шешімді сынға алды. Хат жазбағанына қарағанда, клубтың басшылары матчтың өтуін құптаған секілді. Бұны қалай түсінуге болады? «Астана» өз ішіндегі былықтарынан арылып алсын!
Шешім де масқара, стадиондағы жасыл алаңның сапасы да масқара!
«Бұл футбол емес, мазақ ету!». Андрей Тихонов жаңа стадионның алаңын сынға алды
Рукавина: Бүгін қазақстандық футбол әлем алдында масқара болды