Қазақстан футболының болашағы: 2003 жылы туған таланттар кімдер?
Prosports.kz сайты елдегі ең талантты жас футболшылар туралы материалдар сериясын циклын жалғастырады. Бүгінгі материал 2003 жылы туған ойыншыларға арналады.
Данил Анкудинов
Туған жылы: 31.07.2003
Позициясы: шабуылшы
Клуб: «Касабланка»

Данил Анкудинов 2003 жылы туған ойыншылар арасында болашағынан ең үлкен үміт күттіретін ойыншы шығар. Ол футбол әліппесін 9 жасынан бастап шетелде үйрене бастады. Яғни ол қолайсыз ауа-райы мен нашар алаңдарда ойнайтын қазақстандық футболдың «ләззатымен» таныс емес.
Анкудинов «Марсет» академиясында тәлім алды. Әрі аталған елде өзін жақсы көрсете білді. Осыдан бір жыл бұрын ол Испания жастар чемпионатының жоғарғы лигасында бақ сынайтын «Касабланка» клубымен келісімшартқа отырды. Данил өзінен бір жас үлкен ойыншылармен бірге доп теуіп жүр, осының өзі оның болашағы зор екенін білдірсе керек.
Темірлан Анарбеков
Туған жылы: 14.10.2003
Позициясы: қақпашы
Клуб: «Қайрат»

Темірлан Анарбеков - талантты қақпашы. Ол қақпа алдында өте сенімді өнер көрсетеді, реакциясы жақсы, командаластарын дер кезінде ойынға жұмылдыра біледі. Басқаша айтқанда, айып алаңының нағыз қожайыны.
Ол Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңінде Қазақстан жасөспірімдер құрамасында (U-17) өнер көрсетті. Маусымның екінші жартысында Анарбеков үнемі «Қайраттың» негізгі құрамына шақырту алып жүрді. 2020 чемпионатының соңғы турында Темірлан алматылық клуб сапындағы алғашқы кездесуін өткізді.
Александр Широбоков
Туған жылы: 02.01.2003
Позициясы: қорғаушы
Клуб: «Қайрат»

Өте перспективалды орталық қорғаушы. Бойы биік, позицияны дұрыс таңдай біледі, керек кезде шабуылды да бастай алады. Ол өте сапалы қорғаушы болып өседі деп сенуге болады.
Широбоков өзінің жас ерекшелігі бойынша елдің ең үздік орталық қорғаушысы ретінде танылды. 2020 жылы «Қайраттың» негізгі командасымен бірге жаттықты, тіпті Қазақстан чемпионаты аясындағы екі матчқа қатысты. Қаңтардың басында Александр 18 жасқа толды, сондықтан Transfermarkt сайты оның трансферлік құнын жариялады - 75 мың еуро.
Вадим Яковлев
Туған жылы: 29.07.2003
Позициясы: жартылай қорғаушы
Клуб: «Зимбру» (Молдова)

Ұзынағаш тумасы, футболдағы алғашқы қадамын белгілі балалар жаттықтырушысы Василий Трофимовтың жетекшілігімен бастаған. Алматылық «Арыстан» және «Жас Қыран» клубтарында тәлім алған. Яковлевтің айтуынша, ол «Қайратта» қалуға мүмкіндігі бар еді, бірақ агент Вадимге Еуропада бақ сынауға кеңес берді. Нәтижесінде жас жартылай қорғаушы молдовалық «Зимбру» ауысты. Ол қазір аталған клубта шеберлігін шыңдап жүр.
Техникалық шеберлігі жоғары, сол аяғымен жақсы ойнайды, алаңды жақсы көре біледі. Қазірдің өзінде жоғары деңгейлі клубтардың назарын аударып отыр. Яковлев 17 жасында-ақ Қазақстан жастар құрамасы (U-21) сапында өнер көрсетті.
Ғалымжан Кенжебек
Туған күні: 12.02.2003 ж
Алаңдағы орны: шабуылшы
Клуб: «Қайрат»

Ғалымжан Кенжебек қазақ футбол таланттары түлеп шығатын Тараз өңірінде дүниеге келген. Әлеуеті жағынан ол әйгілі жерлестері - Бахтиер Зайнутдинов пен Бауыржан Исламханнан кем түспейді. Ол жасөспірімдер құрамасының (U-17) негізгі ойыншысы болды, Президент Кубогының иегері атанды.
Командаластары Анарбеков пен Широбоков сияқты, ол 2020 жылы «Қайраттың» негізгі құрамында дебют жасады. Чемпионаттың соңғы турында туған жерінің командасы «Таразға» қарсы матчта негізгі құрамда алаңға шықты.