«Google-аудармашы секілді». «Астананың» қазақша мәтінін кім жазып жүр?

«Google-аудармашы секілді». «Астананың» қазақша мәтінін кім жазып жүр?

«Астана» футбол клубының басшылығы былтырғы маусым біткен соң бірнеше қызметкерін жұмыстан шығарған. Олардың қатарында қазақ тіліндегі медиа-офицер Асқар Хамиден де бар. Бүгінде клуб сайтындағы қазақша ақпарат деңгейі түсіп кеткен, деп хабарлайды Prosports.kz тілшісі.

Хамиден YouTube хостингіндегі Nursultan Qurman арнасына берген сұхбатында клубтан қалай кеткенін, былтырғы маусымдағы сәтсіздік туралы айтып берді.

Клубтың экс-қызметкерінің айтуынша, былтыр маусым Алматыда жалғасқан кезде «Астана» бюджетті үнемдеу мақсатында қазақ тілді медиа-офицерді әкетпеген. Ал былтыр желтоқсанда 7-8 адамның электронды поштасына жұмыстан босатылғаны туралы хабарлама келген.

«Жаңа жылдан кейін «Бізге қазақ тілі маңызды, сізге қатысты шешімді қабылдаймыз. Мүмкін, келісімшарт жүйесінде жұмысқа аламыз» деді. Бірақ маған мұндай ақпаратты ешкім айтқан жоқ, әріптестерім арқылы жеткізді. Мен клубтан кеткенімді ресми түрде мәлімдеген жоқ едім. Енді ресми мәлімдеуіме тура келіп отыр. Себебі жақында әлеуметтік желіде, «Астана» ФК ресми сайтында қазақ тілінде ақпарат пайда бола бастады. Ол өте ала-құла. Google-аудармашы немесе басқа да жүйе ме, әйтеуір, қазақ тіліне өте шорқақ адам аударған мәтіндер шыға бастады. Жанкүйерлерім мен әріптестерім бұл мәтін туралы менен сұрап жатыр, сондықтан клуб құрылымындағы ақпараттарға жауап бермейтінімді айтқым келеді», - деді Асқар Хамиден.

Ол «Астанада» 4,5 жыл қызмет еткен. Оның мәліметінше, «Астана» аударма жасайтын агенттікпен келісімшарт жасасып, солармен қызмет етіп жатыр екен.

«Бізге шет-жағасын ескерткен кезде клуб «Бұл шешімді қабылдауымызға біздің қатысымыз жоқ, оны клубтың бас демеушісі - «Самұрық-Қазынадағы» адамдар шешті» деп жеткізді. Еліміздің алты дүркін чемпионы, Чемпиондар лигасы, Еуропа лигасының қатысушысы, сондай үлкен турнирлерде жетістікке жеткен командаға қазақ тілі керек болмай отыр», - деді ол.

Ол қазақ футболында барлық мәтін орыс тілінде бекітілетінін де айтып қалды.

Сонымен қатар, «Астананың» экс-қызметкері клубтың былтыр сәтсіз маусым өткізуінің себебін түсіндірді. Оның айтуынша, футболшылар ұзақ уақыт жаттыға алмаған, клубтың өз базасы жоқ.

«2015 жылы «Астана» Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне шыққан кезде басшылық футбол академиясын салуға уәде берген. Жер алынды, кірпіші қаланып қойды деген. Сол кезде басталған әңгіме сиырқұйыршықтанып, осы күнге дейін қалып кетті. Жыл басында Гурман да (Михаил Гуман, «Астана» ФК бас директоры - авт. еск.), оған дейінгі басшылық та бірінші кезекте база салумен айналысамыз деген еді. Бірақ бұл әңгіме сол күйінде қалды», - дейді ол.

Сонымен қатар, Асқар Хамиденнің сөзінше, клубтың былтырғы сәтсіздігіне оқу-жаттығу жиыны да әсер етуі мүмкін. Себебі былтырғы маусым алдында "Астана" футболшылары үйреншікті Дубай не Түркияға емес, Португалияға аттанған болатын.

Еске салайық, 2020 жылғы маусым қорытындысы бойынша «Астана» ФК Қазақстан Премьер-лигасында үшінші орын алып, Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасынан ұшып кеткен еді. 

Шомко мен Щеткин «Ротор» сапында алаңға шықты

«Астана» Нұр-Сұлтанда «Шахтермен» жолдастық кездесу өткізді

«Ақжайық» нигериялық команданы жеңді

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или