Алтынбеков: «Қайсардың» намысын қорғауға дайынмын

Алтынбеков: «Қайсардың» намысын қорғауға дайынмын
«Қайсар» футбол клубы жаңа маусым алдындағы екінші оқу-жаттығу жұмысын бастайды, деп жазады Prosports.kz.
Клубтың баспасөз қызметі шабуылшы Елжас Алтынбековпен сұхбат өткізді. 
– Елжас, өткен маусым оңайға соқпады. Пандемия салдарынан Премьер-лига желтоқсан айына дейін созылып, суық ауада доп тебуге мәжбүр болдық. Жалпы чемпионат жайлы аз-кем тоқталсаңыз...

– Әрине, өткен маусымды қиын болады деп ешкім күтпеді. Барлығы ойдағыдай басталғанымен 5 айға біріншілік үзіліп қалды. Соның салдарынан көп футболшы формасын жоғалтып алды. Оның арасында өзім де бармын. Тамыз айында жалғасқан соң ойындардың графигы тығыз болды. Бір аптада 3 ойын өткізген сәттерді көрдік. Бұл – футболшылар үшін ауыр болды.

– Өткен маусым сіз үшін сәтті болды деп айта алмаймыз...

– Иә, көп жағдайда қосалқы құрамда қалдым. Оның түрлі себептері бар. Жалпы командада әр позицияда бәсеке жоғары болды. Жаттығу барысында жарақат алып, біршама ойындардан тыс қалдым. Бар жоғы 4 кездесуге шығып, бір мәрте көзге түстім. Бұл – шабуылшы үшін жақсы нәтиже деп айтуға келмейді. Алдағы маусымда көрсеткішті ұлғайтып, гол соғуға жұмыс істеймін.

– Командаға жергілікті жаттықтырушы Сұлтан Әбілдаевтың қайта оралғаны көпшілікті қуантты. Ойыншылар жаңа бапкерді қалай қабылдады?

– Команда Сұлтан Тоқатайұлы тағайындалғанына қуанды. Өңір футболын дамытуда зор еңбек еткен жаттықтырушы. 2016 жылы қол астында жаттығып, Бірінші лигада бақ сынадық. Сұлтан бапкердың арқасында жеңімпаз болып, Премьер-лигаға жолдама алдық. Білікті бапкер. Жаңа бапкермен ел клубтары арасында алғаш болып дайындықты бастадық. Жергілікті футболшыларға көңіл бөлуді қалайды. Бұл біз үшін жақсы жаңалық.

– БАҚ беттерінде өзіңді «Жетісу» мен «Атырауға» ауысады деген ақпар тарады. Бұл ақпар қаншалықты рас?

– Қазір елде трансфер терезесі ашылып, командалар өздеріне қажетті ойыншыларды іріктеуде. Премьер-лигадағы 2-3 командадан ұсыныстар түсті. Бірақ әлі де нақтыланған жоқ. Сондықтан мына командаға ауысам деп айта алмаймын. Әзірге «Қайсардамын». Өзімді түлеткен командада барлығы оңтайлы болса, аймақтың намысын қорғауға дайынмын.

– Жаңа жыл қарсаңында жанкүйерлерге жеткізер жылы лебізің...

– Барша қазақстандықтарды, футболшыларды, жанкүйерлерді жаңа жылмен құттықтаймын! Бастысы, деніміз сау болсын! Жаңа маусымда жанкүйерлермен стадионда көрісетін күнге жетейік!

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или