Младенов «Қайсарды» маусым соңына дейін жаттықтырудан бас тартты

Младенов «Қайсарды» маусым соңына дейін жаттықтырудан бас тартты
news-banner7
mobile-news-top

«Қайсар» футбол клубының бас бапкері Стойчо Младенов 2020 жылғы маусымының соңына дейін командамен жұмыс істеуден бас тартты, деп жазады Prosports.kz.

Ақпарат көзінің мәліметіне сүйенсек, болгар маманының қызылордалық клубпен келісімшарты 15 қарашаға дейін жарамды. Пандемияға байланысты Қазақстан чемпионаты ұзаққа созылып, 2 желтоқсанда аяқталатын болды. Бірақ Младенов «Қайсар» тізгінінде белгіленген уақыттан артық қалғысы келмейді. Күнтізбеге сай «Қайсар» 15 қарашадан кейін тағы төрт ойын өткізуі керек.

Младеновке осы екі аптада клубта қалу ұсынылған, бірақ ол алған бетінен қайтпай отыр. Тіпті қызылордалық клуб төлейтін аса қомақты жалақы да оны райынан қайтара алмайтын секілді. Prosports.kz-ге белгілі болуынша, коронавирусқа дейін Стойчо айына 20 миллион теңге алды.

Сондай-ақ, бас бапкермен бірге бірнеше шетелдік ойыншының да келісімшарт мерзімі қараша айында аяқталады. Олар: қорғаушы Иван Граф, жартылай қорғаушы Кларенс Битанг және шабуылшылар Александр Станисавлевич, Алвин Фортес, Режиналдо, Александар Колев және Элгуджа Лобжанидзе. Демек «Қайсар» маусымды жаттықтырушысыз ғана емес, шетелдік ойыншыларсыз да аяқтауы мүмкін.

Айта кетейік, қазіргі уақытта «Қайсар» 14 ойында 20 ұпай жинап, турнирлік кестеде бесінші орында тұр.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер