Қазақстан жастар құрамасы Солтүстік Македониядан ірі есеппен ұтылды
Жастар арасындағы Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңі аясында Қазақстан - Солтүстік Македония матч өтті, деп жазады Prosports.kz.
Алматыдағы «Орталық стадионда» өткен ойын 1:4 есебімен қонақтардың пайдасына аяқталды.
Қазақстан жастар құрамасы бірінші таймда өте сүреңсіз өнер көрсетіп, қақпаға бірде-бір тура соққы жасай алмады. Осыны пайдаланған қонақтар алғашқы таймның өзінде 2 гол соғып тастады.
Қонақтар екінші таймды да қарқынды бастады. 48-минутта үшінші голды соқты. Араға төрт минут салып, Оралхан Өміртаев бір гол соғып, есеп айырмасын қысқартқан. Осыдан кейін ойын тағдырын өзгертуге үміт пайда болған еді. 54-минутта Өміртаевқа қарсы айып алаңының ішінде ойын тәртібі бұзылып, қонақтар қапасына пенальти белгіленді. Бірақ Артур Шушеначев мүлт кетті. Қақпашыдан қайтқан допты голға айналдырған Өміртаев ойыннан тыс қалған еді, бірақ жас шабуылшы бұған мойынсал болмай төрешіге қарсылық білдіргендіктен, екінші сары қағаз алып, алаңнан қуылды.
Қазақстан құрамасы үшін бұл соңғы сәтсіздік болған жоқ. 67-минутта қонақтар төртінші голды соқты. Арада үш минут өткенде Рауан Орынбасар дөрекі ойыны үшін тікелей қызыл қағаз алды. Сөйтіп, қалған 20 минуттан аса уақытты Қазақстан жастары 9 ойыншымен өткізді.
Осы жеңістен кейін Солтүстік Македония құрамасы 13 ұпаймен турнирлік кестеде екінші орынға шықты. Ал Қазақстан құрамасы үшінші сатыға сырғыды. Біздің еншімізде 10 ұпай бар. Бір қызығы біздің ойыншылар осы 10 ұпайдың барлығын сырт алаңда еншіледі. Ал өз алаңымызда өткен 4 ойында да жеңіліп қалды.
Қазақстан - Солтүстік Македония - 1:4 (0:2)
Гол соққандар: 55' Өміртаев - 38' Чурлинов, 41' Атанасов, 48' Чурлинов, 67' Митровски
Алаңнан қуылды: Өміртаев 54', Орынбасар 70'
Қазақстан U-21: Мұхаммеджан Сейсен (Қ) (К) – Талғат Кусяпов, Рауан Орынбасар, Әлібек Қасым, Аслудин Хаджиев – Эльхан Астанов, Адам Адахаджиев, Акмаль Бахтияров, Еркебұлан Сейдахмет – Артур Шушеначев, Оралхан Өміртаев;