Литвадан құтылдық, Беларусьтан тұтылдық. Қазақстан Ұлттар лигасын қалай бастады?

Литвадан құтылдық, Беларусьтан тұтылдық. Қазақстан Ұлттар лигасын қалай бастады?

Ұлттар лигасында алғашқы екі турдың ойындары өтті. Қазақстан құрамасы үш ұпайды қоржынға салды. Қонақта Литваны ұтты, Алматыда Беларусь құрамасына есе жіберді. Екі ойында Қазақстан құрамасы қандай ойын көрсетті? Чех маманы Михал Билектің өзіндік қолтаңбасы бар ма? Prosports.kz тілшісі Фараби Әбдіхалық осы сұрақтарға жауап іздеп көрді. Және екі ойыннан кейінгі қоржындағы үш ұпай тағдырдың сыйы екенін түсіндіруге тырыспақ. 

Литвадағы алғашқы матчта Қазақстан қағаз жүзінде фаворит болып көрінгенімен, Билек батыл ойнауға қорқатындығын аңғартты. Негізгі құрамда негізгі позициялары қорғаушы алты футболшыны шығарды. Иә, Ғафуржан Сүйімбаев шабуылдың сол қапталында ойнады. Әйткенмен, бұл таңдау да чех бапкерінің сақтанғаны деп ұқса болар. Бірде-бір шабуылшы шығармады. Жылдам Бахтиер Зайнутдинов пен пас беруге шебер Бауыржан Исламханға алдыңғы шептің жүгін артты. Үшінші минутта мәскеулік ЦСКА футболшысы соққан голдың арқасында ғана Билектің бұл тактикасы дұрыс емес екені алғашқы тайм барысында білінбеді.

 Қазақстан құрамасы қарсылас қысымынан қатты қорқады, пас беруде жиі жаңылысады, қорғанысқа қанша футболшы шығарсаң да, қателікке көп бой алдырады. Оның бәрін Литваға қарсы матчтағы екінші таймда көрдік. Бақытымызға орай, қарсылас футболшыларының деңгейі жоғары емес еді. Әйтпесе, екі-үш гол соғатындай Литвада тамаша мүмкіндіктер болды. Жерлестеріміз шабуылға шығуды ұмытты. Зайнутдинов жарақат алып, алдыңғы шепте жалғызсырап қалған Исламханның қорғаушылардан айла асырар шамасы болмады. Оның үстіне, капитанымыздың 70-минуттан кейін шаршап қалатын ескі, желімдей жабысып алған әдеті бар. Тек, Абат Айымбетов ойынға қосылып, жылдамдығының арқасында қарсылас қорғаушыларын қапы қалдырып, литвалықтар қорғанысты да ойлауға мәжбүр етті. Әйтпесе, бірнеше жылдан бері жеңістің тәтті дәмін татпаған команда, Стас Покатилов қақпасының алдында төрешінің соңғы ысқырығы естілгенге дейін қонақтайтын түрі бар еді. Клубсыз жүрсе де, өзі айтпақшы, ұлттық құрама үшін жүрегімен ойнайтын Исламбек Қуаттың тамаша голынан кейін Литва футболшыларының сағы сынды. Таблодағы есепке қарасақ сенімді жеңіске қол жеткізді Билек шәкірттері.

Беларусьтармен матч алдында чехиялық бапкеріміз қарсыласты жаңылдыруға тырысты. Литвада Ян Вороговский мен Ғафуржан Сүйімбаев сол қапталда ойнаған. Біріншісі қорғаныста, соңғысы шабуылда. Алматыдағы матчта Бельгияда доп тебетін Ян қорғаныстың оң қапталына шықты. Сол қанат Сүйімбаевтың иелегінде қалды. Ортада «Астанадағы» Юрий Перцухты клубтасы Абзал Бейсебеков алмастырды (Билектің «Астанаға» өкпесі қара қазандай дегенге келісесіз бе?). Жарақаттан айыға алмаған Зайнутдиновтың орынын Максим Федин басты. Шабуылшы Абат Айымбетов алғашқы минуттан шықты. 

Беларусь құрамасы ойын басынан-ақ қазақ жеріне үш ұпай үшін келгенін байқатты. Допты өз иеліктеріне алып, Алматыдағы Орталық стадионның жасыл алаңында өздерін еркін сезінді. Қазақстан командасының аяғында доп тұрмайтыны әу бастан белгілі. Бірінші таймда ұлттық құрамамыз бірде-бір тұшымды шабуыл ұйымдастыра алмады. Қарымта шабуылдан мүмкіндік іздеуге тырысты. Беларусь Қазақстанның айып алаңына жиі жақындап, белсенділік танытқанымен, Нұр-Сұлтандағы команданың намысын қорғайтын Макс Эбонг соққысынан басқа, есте қаларлық шабуылдың шетін шығара алған жоқ. 

Екінші таймда Беларусь қарқынды үдетті. Ортадағы үш қорғаушымыз бойшаң болса да, Покатилов иелегінде өз қақпаларына соққы бағыттатып қойды. Қонақтар есеп ашып кетті. Қарсылас қақпашысы Александр Гутордың қателігі - Қазақстан құрамасына бір гол сыйлады. Ұлттық құрама сапында бұл матчтағы үздік футболшылардың бірі Ян Вороговский алыста қитұрқы соққысын Гутор оңай олжасына айналдыра алмады. Абат Айымбетов қақпаның дәл алдынан табыла кетіп, таразы басын теңестірді. 25 жастағы шабуылшы Қазақстан құрамасындағы алғашқы голын соқты. 

Матч соңындағы Сүйімбаевтың қателігін түсіндіруге келмес. Ғафур Литвадағы ойында үздіктер қатарынан көрінді. Алматыда да белсенді болды. Бірақ, осы бір қателігі - оның қос ойындағы тәп-тәуір ойынын жермен-жексен етті. Бірақ, екі матчты да толық көрсеңіз, Қазақстан құрамасы тым болмаса бір ойында жеңіске лайықты ойын көрсетті ме? Литва да, Беларусь та Михал Билек командасымен салыстырғанда қақпаға көп соққы бағыттады. Меніңше, екі құраманың деңгейі де бізден жоғары көрінді. Кеше Литва сырт алаңда Албанияны жеңгені сөзіме дәлел бола алады. Олардың чемпионаты тоқтамады, біздікі тоқтап тұрды деп ақталудың қажеті шамалы. 

Екі ойын көкейде көп сұрақ қалдырды. Қазіргі заманның футболынан қалып бара жатқан секілдіміз. Қарсылас қысым көрсетсе, пастармен прессингті бұза алмаймыз. Өзіміз де прессинг жасай алмаймыз. Ортада Исламханға көмектесер жартылай қорғаушының болмай тұрғаны да қынжылтады. Зайнутдинов жарақат алмаса екен деп тілейтін болдық. Негізгі құрамдағы 3-4 футболшымыз шетел чемпионаттарында бақ сынап жүр деп іштей қуанғанымызбен, ұлттық құраманың деңгейі өспей тұр. 

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или