«Қайрат» Беларусь құрамасының қорғаушысын маусым тізіміне қосты
«Қайрат» клубы Беларусь құрамасының орталық қорғаушысы Денис Поляковті маусымға тіркеді.
Қазақстан кәсіпқой футбол лигасы футболшыны 33 нөмірмен тізімге қосты. Енді футболшы Премьер-лига ойындарына қатыса алады.
Денис - минскілік «Динамо» спорт мектебінің түлегі. Кәсіби мансабын 2007 жылы солигорскілік «Шахтер» сапында бастаған.
2011 жылы «Шахтерден» БАТЭ-ге ауысты. Онда Поляков Чемпиондар лигасы аясында «Бавария», «Лилл», «Атлетик» және «Рома» командаларымен өткен ойындарға қатысты. БАТЭ сапында жалпы 134 матчқа қатысып, 6 гол соқты.
2018 жылы Поляков АПОЭЛ-ге ауысып, Кипр чемпионатын жеңіп алды.
Қорғаушының соңғы клубы - екатеринбургтік «Урал» клубы болды. Сонымен қатар, Денис Беларусь құрамасының негізгі ойыншысы. 2010 жылдан бері құрамада 42 матч өткізіп, бір гол соқты.