«Манчестер Сити» Месси бойынша «Барселонаға» ұсыныс дайындады
«Манчестер Сити» клубы «Барселона» шабуылшысы Лионель Мессиді қайтқен жағдайда да сапына қосуды көздеп отыр, деп жазады Prosports.kz сайты.
Ағылшын командасы қаржылық фэйр-плейдің ережесін бұзбайтын амал тапты. Diario Sport басылымының мәліметінше, «Манчестер Сити» Мессиді сатып алу үшін «Барселонаға» 100 миллион еуро төлеп, Габриэль Жезус, Бернардо Силва мен Эрик Гарсияны беруге дайын.
Каталониялық клуб көшбасшы ойыншысының командадан кеткенін қаламайды, дегенмен Бернардо Силва мен Эрик Гарсияға да қызығушылық танытып отыр.
Бұған дейін БАҚ Мессидің ағылшын клубының бас бапкері Хосеп Гвардиоламен келіссөздер жүргізгені туралы хабарлаған.
Ойыншының клубпен келісімшарты 2021 жылдың жазына дейін жарамды. Бірақ келісімшартта кез-келген маусымның соңында Мессидің келісімді біржақты бұзуына мүмкіндік беретін тармақ бар. Аргентиналық шабуылшы осы тармаққа сүйеніп, клубтан өз бетінше кеткісі келеді.
Көптеген дереккөздің жазуы бойынша Мессиге «Интер», ПСЖ және «Манчестер Юнайтед» командалары таласып отыр.