Гол жауған күн. «Астана» Чемпиондар лигасымен қоштасты

Гол жауған күн. «Астана» Чемпиондар лигасымен қоштасты

Чемпиондар лигасының бірінші іріктеу кезеңі аясында «Динамо-Брест» пен «Астана» командалары кездесті, деп жазады Prosports.kz.

Беларусьтің Брест қаласында өткен кездесу 6:3 есебімен аяқталды. Матчтың фавориті саналған қазақстандық команда сырт алаңда ірі есеппен жеңіліп қалды.

Жоспар бойынша оң қапталдағы қорғаныс шебінде Рукавина шығуы керек еді. Бірақ сербиялық ойыншы жарақат алып қалғандықтан, оның орнына Абзал Бейсебеков жайғасты. Сөйтіп, осы ойында жартылай қорғаныста өнер көрсетеді деп жоспарланған Абзалдың орнына Юрий Перцух шықты. 

Осындай күтпеген жағдайда басталған матч, күтпеген сценариймен өрбіді. Алаң иелері 22 минуттың ішінде үш гол соғып тастады. Бұдан кейін де тізгін тартпаған беларусь ойыншылары ойынның 37-минутында есепті 4:0-ге жеткізді. Төрт голға тайм аяқталар тұста Марин Томасов бір голмен жауап қатты.

Алаң қожайындары үш гол соққаннан кейін Михал Билек екі бірдей ойыншысын алмастырды. 34-минутта Юрий Перцухтың орнына Дорин Ротариу, Алексей Щеткиннің орнына Тигран Барсегян шықты.

«Астана» екінші таймды қарқынды бастаған. Бірден Дорин Ротариу бұрыштамадан гол соғып, есеп айырмасын екі голға қысқартқанда, камбэк болар деген үміт оты маздаған. Алайда араға аз ғана уақыт салып, «Динамо-Брест» ойыншылары бесінші голды соғып кетті. 

Осыдан кейін ойын сабасына түсті. «Динамо-Брест» келесі кезеңге өтетінін, ал «Астана» өте алмайтынын сезген секілді. Осыдан кейін жан алысып, жан беріскен тартыс болған жоқ. Бір сыдырғы өтіп жатқан кездесу соңына қарай қос команда бір-бір голдан алмасып, қорытынды есеп 6:3 болды. 

Бұл ойында көзге ұрып тұрғаны, ұзақ уақыт ресми матч өткізбеген «Астана» ойыншыларының дайындығының аздығы және қорғанысының әлсіздігі болды. Жақында ғана командаға келген Урош Радакович бүгін аса сәтсіз кездесу өткізді. 

Осылайша, «Астана» Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңінен шығып қалды. Елордалықтар енді жарыс жолын Еуропа лигасының іріктеу турнирінде жалғастырады. 

«Динам-Брест» (Беларусь) – «Астана» – 6:3 (4:1)

Гол соққандар:Михаил Гордейчук 16, 22, Кирилл Печенин 17, Павел Седько 37, Абдулай Диалло 55, 90 – Марин Томасов 45, Дорин Ротариу 53, Абзал Бейсебеков 87

«Динамо-Брест»: Сергей Игнатович (Қ) – Кирилл Печенин, Габи Кики, Евгений Хачериди, Роман Юзепчук – Сергей Кисляк (К), Дэвид Тэкло, Павел Седько – Михаил Гордейчук, Артем Милевский, Абдулай Диалло;

«Астана»: Дмитрий Непогодов (В) – Абзал Бейсебеков, Лука Шимунович, Урош Радакович, Дмитрий Шомко (К) – Иван Маевский, Юрий Перцух (Дорин Ротариу 34), Макс Эбонг, , Марин Томасов – Пиерос Сотириу, Алексей Щеткин (Тигран Барсегян 34);

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или