Футбол деген бір ғажап!

«Ботошани» клубы – «Ордабасы» үшін үлкен сынақ

«Ботошани» клубы – «Ордабасы» үшін үлкен сынақ
news-banner7
mobile-news-top

Еуропа лигасы іріктеу кезеңінің бірінші айналымында «Ордабасы» румыниялық «Ботошани» клубымен кездеседі, деп жазады prosports.kz.

Шымкенттік клуб ел чемпионатында тәуір өнер көрсеткенімен, Еуропа лигасында жолы болмай жүр. Соңғы 5 жылда 4 рет Еуропа лигасының іріктеуіне қатысты. Ең үздік нәтижесі – екінші кезең. Өткен жылы қаржылық қиындыққа ұшырап, төрт аяғын тең баса алмай жүрген грузиялық «Торпедоны» жеңіп, екінші кезеңге өткен. Ал екінші кезеңде чехиялық «Млада-Болеславқа» есе жіберді.

Биылғы қарсыласы қандай команда?

«Ботошани» - тарихы 20 жылға толмаған жас клуб. 2001 жылы құрылған. Клубпен аттас қаланың намысын қорғайды. Өз елінің жоғары лигасында 2013 жылдан бері тұрақты өнер көрсетіп жүр. Бірақ, біз команданың тарихын тарқатып, әңгімені басынан бастауды міндетке алмаймыз. Айтарымыз, команданың қазіргі құрамы мен қарым-қабілеті ғана.

Бәріміз білетіндей бұл команда Еуропаның үздіктері қатарынан саналмайды. Германияның атақты transfermarkt сайтының мәліметіне сүйенсек, команда сапындағы ойыншылардың трансфер нарығындағы жалпы құны 9,5 млн еуроны құрайды. Ең қымбат ойыншысы – Андрей Чиндрёш (1 млн). 21 жастағы Румыния құрамасының ойыншысы орталық қорғаныс шебінде өнер көрсетеді.

Команданың бас бапкері – Мариус Кроитору. 39 жастағы румыниялық маман ойыншы кезде атағы аспандап тұрды дей алмаймыз. Ортанқол деңгейде ғана өнер көрсеткен. Бапкер ретінде де әзірше биік белесті бағындыра қойған жоқ. «Ботошани» тізгінін 2019 жылдан бері ұстап келеді. 2013 жылдан бері Румыния чемпионатында 8-орыннан жоғары көтерілмеген «Ботошаниге» бір жылдың ішінде Еуропа лигасының іріктеуіне қатысуға мүмкіндік алып отыр.

Одан да қызығы бұл маман ойыншы кезінде қазақ даласының дәмін татқан. 2010/2011 жылғы маусымда «Атырау» футбол клубында өнер көрсетті. Атыраулық клуб сапында 27 матчқа қатысып, 4 гол соққан.

Мариус Кроитору

Мариус Кроитору

Құрамында қарт ойыншылар көп емес. Орташа жас мөлшері 25,4 жас. Жасы 30-дан асқан бес ойыншы ғана бар. Команда сапында легионерлер біршама көп. Жалпы ойыншылардың 54%-ы шетелдіктер. Қазіргі сәтте команданың үздік сұрмергені Марко Дуганджич. Хорватиялық шабуылшы ел чемпионаты аясында 13 ойынға қатысып, 8 гол соққан.

Команда негізінен 4-2-3-1 жүйесімен өнер көрсетеді. Соңғы ресми ойынын тамыз айының екісі күні өткізген. Румыния чемпионаты аясында «Газ Метан» командасын қабылдап, 4:1 есебімен жеңіске жеткен. 27 тамызда өтетін «Ордабасымен» ойынға дейін ешқандай кездесу жоспарлап отырған жоқ.

Бұл команданың Еурокубоктардағы тәжирбесі аса бай емес. Бұған дейін бір мәрте ғана Еуропа лигасының іріктеуіне қатысқан. 2015/16 жылғы маусымында іріктеу турнирінің алғашқы турында грузиялық «Спартак-Цхинвали» командасын жеңді (1:1, 3:1). Бірақ екінші айналымда Польшаның үздік клубы «Легиядан» жеңіліп, жарысты аяқтады (0:3, 0:1).

Осы жерде айта кетерлігі, «Ботошани» сол жылы Еуропа лигасына қатысу мүмкіндігіне өз күшімен қол жеткізген жоқ. Чемпионатта бар болғаны 8-орын алған. Бірақ мұның алдында тұрған «Университатя Крайова», «Петролул», «Динамо Бухарест» командаларында УЕФА лицензиясы болған жоқ. Оның үстіне «ЧФР Клуж» клубы да қаржылық қиындықтарға байланысты УЕФА лицензиясынан қағылды. Сөйтіп, 8-орында тұрған «Ботошани» Еуропа лигасының іріктеуінде бақ сынады. Бірақ биыл бәрі басқаша. «Ботошани» чемпионатта 4-орын алып, Еуропа лигасының жолдамасын жеңіп алды.

Қағаз жүзінде «Ордабасы» - «Ботошани» жұбының фавориті қазақстандық команда. Әсіресе ойыншылардың трансферлік бағасы тұрғысынан шымкенттіктер алда тұр. «Ботошани» ойыншыларының трансфер нарығындағы жалпы бағасы 9,5 млн еуро болса, «Ордабасы» ойыншыларыныкі 12,4 млн еуро. Оның үстіне Еурокубоктардағы тәжірибесі де қарсыласынан әлдеқайда мол. Шымкенттіктер Еуропа лигасының іріктеуіне алтыншы рет қатысқалы отыр.

«Кайрат» и «Ордабасы» узнали соперников в 1-м отборочном раунде Лиги Европы. Кто такие?

Бірақ іс-жүзінде «Ордабасыны» бұл жұптың фавориті деп айту қиын. Кахабер Цхададзе шәкірттері 2019 жылдың қараша айынан бері төрт-ақ ресми кездесу өткізді. Оның өзінде бір рет қана жеңіске жетті. Премьер лигада «Тараз» бен «Шахтерден» жеңілді. «Шахтермен» өткен ойыннан бері де бір жарым айға жуық уақыт өтті. Чемпионаттың қашан басталатыны әлі анық емес. Оның үстіне команданың шабуыл шебі ақсап тұр. Алдыңғы шепте бірнеше мықты легионер болғанымен, топырлатып гол соғатын бас шабуылшы табылмай тұр. Демек ойын тәжірибесі жоқ, шабуылшылары гол соғуға қырсыздау «Ордабасы» үшін «Ботошани» үлкен сынақ болайын деп тұр.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер