ҚПЛ-дың қайта жанданар күні жарияланды
Қазақстан Премьер-лигасы 1 шілдеден бастап қайта жалғасын таппақ. Бұл туралы Қазақстанның Кәсіби футбол лигасының (PFLK) ресми сайтында жарияланды, деп хабарлайды Prosports.kz.
«Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігінің келісімімен, ҚР чемпионаты футбол ойындары кезінде коронавирус инфекциясының алдын-алу бойынша жасалған нұсқаулықтарды қатаң сақтай отырып, 1 шілдеде қайта басталады.
Осы құжатта көрсетілген санитарлық талаптар Қазақстанның бірнеше аймағындағы эпидемиологиялық жағдайдың тұрақсыздығына байланысты одан әрі күшейтілді. Барлық матчтар көрерменсіз өтеді, стадиондағы қызметкерлер саны техникалық минимуммен шектеледі», - делінген ҚКФЛ хабарламасында.
Еске салайық, ҚПЛ 16 наурыздан бастап тоқтатылды. Қазіргі уақытта «Астанада» жеті ұпай, «Қайрат» пен «Қайсарда» алты ұпайдан бар.