Ежи Дудек Роналду мен Мессидің мінін айтты
«Реал Мадрид» футбол клубының бұрынғы қақпашысы Ежи Дудек автобиографиялық кітабында Криштиану Роналду мен Лионель Мессидің кемшіліктерін атады, деп жазады Prosports.kz.
Поляк футболшысы өз кітабында, «Барселона» шабуылшысы Мессиді әзәзіл (арандатушы), ал бұрынғы командаласы Роналдуды өркөкірек (менмен) деп сынады.
Месси жайлы
«Ол өте әзәзіл. Өзгелерді арандатудың шебері. Бұл тұрғыдан ол «Барселона» мен Пеп Гвардиолаға ұқсайды. Олар әрқашан сенің шамыңа тиюге дайын. Әрі бұл мақсаттарын әрдайым сәтті орындайтын. Бұл Жозе Моуринью мен бүкіл командаға ауыр тиетін.
Мен Мессидің Пепе мен Серхио Рамосқа аса дөрекі сөздер айтқанын талай көрдім. Сырттай сондай сыпайы көрінетін оның мұндай сөздерді айтатынына сену қиын».
Роналду жайлы
«Оның менмендігі басым. Бірақ алаң сыртында ол да қарапайым азамат. Роналдудың қандай адам екені адамдардың оны қалай қабылдағанына байланысты.
Рауль өзін-өзі ойлайды. Ол да керемет бәсекеге қабілетті және жеңімпаз жігіт. Екеуі де өзге ойыншылар гол соғып, 5:0 есебімен жеңіске жеткеннен гөрі, өздері гол соғып 2:1 есебімен жеңгенді жөн көреді», - деп жазды Дудек.

Айта кетейік, Дудек «Реал» сапында 2007 жылдан 2011 жылға дейін өнер көрсетті. Бірақ ол мадридтік командада Икер Касильястың көлеңкесінде қалды. Осы аралығында ол бар болғаны 12 матчта алаңға шықты.