Тевес: Үйде жатып видео түсіруге де болады, бірақ мен мұқтаждарға тамақ тасимын

Тевес: Үйде жатып видео түсіруге де болады, бірақ мен мұқтаждарға тамақ тасимын

«Бока Хуниорс» командасының капитаны Карлос Тевес аргентиналық телеарналардың бірінде коронавирус кезінде көпшілікке танымал адамдардың қандай ісімен үлгі болатынын айтты. Prosports.kz  тілшісі футболшының сұқбатының толық аудармасын назарларыңызға ұсынуды жөн көрді. Қызба мінезімен спорт әлемінде бірнеше мәрте басы дауға қалғанымен, қиын-қыстау кезде кедей жандарға көмектесуге белін бекем буған футболшы біздің спортшыларға да үлгі болар деген үмітпен. 

- Футболшы жалақасыз жарты жыл, тіпті, бір жыл да өмір сүре алады. Таңғы сағат алтыда үйден шығып, кешкі сағат жетіде жұмыстан шаршап, үйге құр сүлдері ғана келетін жаңдармен салыстырғанда, футболшылардың жағдайы анағұрлым жақсы. Біз бұлай үлгі бола алмаймыз. Біз мұқтаж жандарға тамақ тасып көмектесуіміз керек. Бала-шағанның қарны тоқ кезде, үйде асын артылып жатқан кезде, жатып алып сөз сөйлеу оңай. 

Қиналып өмір сүріп жатқан адамдар бар. Үйден шыға алмайды. Үйден шықса - түрмеге тоғытылуы мүмкін. Әрине, халықтың қауіпсіздігі үшін мемлекет бәрін дұрыс жасап жатыр. Ал, біз баррио (Аргентинадағы ең кедей аудандар) тұрғындарына жақын болуымыз тиіс. 

Көптеген адамдардың тағдыры біздің қолымызда екенін ескерейік. Дәл қазір үнсіздік танытудың қажеті жоқ. Тақыр кедейшілік менің басымнан өткен. Қандай ауыр екенін жақсы білемін. Дәулетім асып-тасыса да, мен ештенкені ұмытпаймын. 

Дені сау адамдар, шүкіршілік етуіміз керек. Ал, вирус жұқтырған адамдар ешкімді құшақтай алмайды. Болашақ өмірінің қандай боларын да білмейді. 

Барлық клубтар әрекет ету керек. Күнде таңертең футболшыларды жаттығуға шақырғаннан гөрі, адамдарға қалай көмектесеміз деп бас қатырайық. Соның жолын іздейік. Тегін тамақ таратайық. Мен қорықпаймын, қанша үйге тарату керек болса да, бас тартпаймын. 

Қиын-қыстау кезде адамдардың жанынан табылайық. Өзіміз де мықты боламыз. Осылай үлгі болайық. Үйдегі тіршілігінді көрсетіп, видео түсіруге де болады. Бірақ, көшеге шығып, адамдарға қол ұшынды созсаң - басқаларға үлгі боласың. Біздің балаларымыз аман-есен, тамаққа зәру болып отырған жандардың өміріне алаңдауымыз керек. Біріміз қалмай, бәріміз! Футболшылар, актерлер. Әлем дәл қазір түбегейлі өзгерді.

Мемлекет, клуб мені қандай іске жұмсаса да, мен дайынмын. Шын жүректен! Әдетте, игі істерінді жарияламауың керек. Бірақ қазіргі жағдай басқа.  

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или