«Тараздың» Қазақстан Премьер-лигасында қалуының себебі неде
Бүгін Таразда жергілікті қала аттас клуб Оралдың «Ақжайығын» қабылдап, жеңіске жетті және ҚПЛ-дағы орнын сақтап қалды, деп жазады Prosports.kz.
Бәрін басынан бастайық. «Тараз» биыл ҚПЛ-дың 10-орнында қалып қойған болатын. Регламент бойынша бұл орындағы команда бірінші лиганың қола жүлдегерімен премьер-лигадағы орнына таласады. Оралдықтар бірінші лиганың үшінші орнына ие болды.
Тағы бір айта кететін жайт, «Тараздың» бірінші лигаға кетпейтіні әу баста белгілі болған. Себебі футболшыларының деңгейі оралдықтардан бір бас жоғары клубтың қаржылық жағдайы да анағұрлым артық. Ресми емес дереккөздерге сүйенсек, 4,68 миллион еуроны құрайды. Ал Оралдың бас командасында мұндай ақшаның жоқ екені белгілі. 2017 жылы облыс әкімшілігі клубты 2,4 миллион теңгеге сатпақ болған, алайда сатып алуға ешкім ниеттенбеген соң, қайта қаржыландыруға тура келді. Ал премьер-лигада ойнау үшін қыруар қаржының керек екені айтпаса да түсінікті.
Жә, қаржы санауды доғара тұрып, ойынға тоқталайық. Қос команда арасындағы алғашқы матч Оралда өткен еді. 0:0 есебімен тең тарқасқан қос ұжым екінші ойынды күткен. Тараздықтар жемтігін күткен әбжыландай «Ақжайыққа» тарпа бас салды. Ойынның 9-минутында-ақ алаң иелерінің жартылай қорғаушысы Самат Сәрсенов есеп ашты. Араға бес минут салып Азамат Таубай есепті еселесе, 26-минутта шабуылшы дубль авторы атанды. Ал 28-минутта «Тараз» қорғаушысы Александар Симчевич өз қақпасына гол соғып алды.
Ойынның екінші таймында гол соғатын мүмкіндіктер болғанымен есеп өзгеріссіз қалды.
Сөйтіп тараздықтар Қазақстан Премьер-лигасында қалатын болды.
«Тараз» - «Ақжайық» - 3:1 (3:1).
Голдар: 9 Самат Сәрсенов, 14, 26 Азамат Таубай – 28 Александар Симчевич – өз қақпасына
Ескерту алғандар: 30 Таубай, 45, Сәрсенов, 72 Розыбакиев, 82 Сүлей, 90+1 Нұрәлі – 90+1 Тәжімбетов
18 қараша. Тараз қаласы.