ҚПЛ. Аяусыз алыптар, түсініксіз «Тобыл»

ҚПЛ. Аяусыз алыптар, түсініксіз «Тобыл»

Футболдан Қазақстан чемпионатының кезекті маусымының аяқталуына бес тур ғана қалды. Кестенің барлық бөлігінде талас. Чемпиондықтан төрт команданың үміті бар. «Ақтөбе», «Тараз» және «Атырау» ҚПЛ-да қалуға арпалысып жүр. 28-ші турда командалар шама-шарқысы келгенше өз мәселелерін шешуге тырысты. 

28-ші турдың екі матчы сенбі күні өтті. Турдың алғашқы ойыныны ең нәтижелі болды. Қарағандылық «Шахтер» қонақта «Ертісті» алғашқы таймнан кейін екі доп басымдылығымен ұтып жатқан еді. Алайда, алаң қожайындары ойынның екінші бөлігінде түрленіп шыға келді. Алаңсыз өмір сүріп жүрген «кеншілер» де арқаны кеңге салды. Керекуліктер жеңісті жұлып алды. Анда-санда ғана екі доптан артық соғатын «Ертіс» Игорь Шацкий қақпасына төрт мәрте нәтижелі соққы бағыттады. Маусымды сүреңсіз бастап, дау-дамайдан арылмай, болашағы бұлыңғыр көрінген «Ертістің» соңғы бір жарым айда ісіне береке берді. Команда қауіпті аймақтан алыстады. Бір айта кетерлік жайт, алты голдың бәрін де легионерлер соқты. 

«Жетісу» «Қайраттың» чемпион болуына шын ниеттен тілектес болып жүрген секілді. Екі тур бұрын алматылықтарға қонақта 1:4 есебімен ұтылды. Өткен турда «Астананы» өз алаңында жеңіп кетті. Енді, чемпиондық атақтан дәмесі бар «Тобылмен» қонақта тең түсті. Тең есепті қызғыштай қорғады.

«Атырау» – «Оқжетпес» 2:2 (2:1)

Голдар:<span> Исламнур </span>Абдулавов 30, Петр Гжельчак 35 – Алмейда 26, Милан Стоянович 65

Алаңнан<span> </span>қуылды: Виталий Устинов 4

«Атыраудың» жеңістің тәтті дәмін татпағанына екі айдан асты. Осы уақытта «мұнайшылар» бар болғаны бір ұпай ғана алыпты. «Оқжетпеспен» ойын алдында да атыраулықтардың жеңіске жететініне күмән бар еді. Көкшеліктер кестеде өзінен төмен жайғасқан командаларға ұпай сирек береді. Соның арқасында ортада жүр. Ойын басында «мұнайшылардың» футболшысы Устинов алаңның қуылды. 26-шы минутта Андрей Карпович шәкірттері есеп ашып кетті. Әйткенмен, келесі он минутта «Атырау» футболшылары екі гол соқты. Жасы 38-ге таяса да жоғарғы деңгейде ойнауға тырысып жүрген Ренат Абдуллин екі мәрте қателесті. Екеуінде де «Атырау» футболшылары сәтті пайдаланды. Абырой болғанда, екінші таймда қонақтар есепті теңестіре алды.

«Атырау» 11-ші орында тұр. Соңғы орындағы «Ақтөбеден» 8 ұпайы артық. «Тараздан» бір ұпайға қалып тұр. 

«Ақтөбе» – «Тараз» 2:2 (0:1)

Голдар:<span> Рустам </span>Темірхан 47, Әлішер Әжімов 83 – Әлішер Сүлей 38, Рибейро Эливелто 64

«Ақтөбе» мен «Тараз» тартысты матчта бір ұпайды ғана қанағат тұтты. Екі ұжымға да жеңіс қажет болатын. 64-ші минутта есеп 2:2 болған кезде бұл матчта әлі кемі үш доп соғылады деген ойда едік. Әйткенмен, қос команда да өз мүмкіндіктерін пайдалана алмады. Төреші қосқан үш минуттың ішінде қос ұжымда да жеңісті жұлып алатын 3-4 мүмкіндік болды. 

Соңғы орындағы «Ақтөбе» басты қарсыластарынан ұпай санын қысқарта алмады. 

«Қайрат» – «Ордабасы» 4:1 (2:0)

Голдар: Адеринсола Эсеола 41, Мартин Эппель 45+3, 68, Вячеслав Швырев 90 – Тимур Досмағамбетов 84

«Ордабасы» жүлделі орындарға да, келер маусымдағы еурокубокқа да қолды бір сілтеген секілді. Көңілге күдік тудыратын бір нәтижені көрсе, футболды саясатпен байланыстыратын білгілштер маусым басында шымкенттік клубтың басшысы командағf кемі үшінші орынды алып береді деген. Мүлт кеткен секілді олар. Мына түрімен «Ордабасы» төртінші орынынан біріншілік аяқталғанша тапжылмайды. Кахабер Цхададзе жігіттерін маусымның біткенін ғана күтіп жүрген секілді. 

«Қайрат» өз алаңындағы ірі жеңістен кейін кестеде «Тобылды» қуып жетті. Ұпайлары бірдей. Қостанайлықтарда доп айырмашылығы +21. Алматылықтарда +31. Сондықтан көш бастап тұр.   

«Астана» – «Қайсар» 3:0 (2:0)

Голдар: Бейсебеков 14, Хижниченко 24, 58

Білгіштердің болжамынша «Қайсар» елордадан кемі бір ұпай алып кетуі керек еді. «Қайратқа» қарсы матчта Стойчо Младенов әдейі негізгі құрам футболшыларына демалыс берген-мыс. «Астананы» аяқтан шалу үшін. Болжам орындалмады. Чемпиондар тас-талқан етті.

«Қайсардың» осы маусымдағы қатарынан кемі үш матчын көрген адам бұл команданың қандай екенін жақсы біледі. Бір ойында жеңіске жетсе, қатарынан екі-үш ойын сүреңсіз ойын көрсетеді. «Қайраттан» ұтылды. «Астананы» ұтуы керек пе? 

Саясаттан да, футболдан да хабарымыз бар деп, кез келген дүниені байланыстырып жіберетін жандарға дәлелмен «көпірсе» деген кеңесіміз бар. 

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или