Манчестердегі матчтан кейін «Астана» ҚПЛ-да «Жетісуға» есе жіберді
Қазақстан Премьер-лигасының 27-ші турында ел чемпионы «Астана» сырта алаңда «Жетісудан» жеңіліп қалды, деп хабарлайды Prosports.kz.
Бейсенбі күні Роман Григорчук шәкірттері Англияның Манчестер қаласында жергілікті «Манчестер Юнайтедпен» кездесіп, 0:1 есебімен ұтылды.
Ішкі біріншіліктегі әр ойынның маңызды екенін түсінген Григорчук Талдықорғандағы ойынға негізгі құрамды шығарды. Тек ағылшын жерінде 90 минут бойы тер төккен Иван Маевский қосалқы құрамда қалды.
«Жетісу» соңғы екі ойында «Ордабасы» мен «Қайратқа» есе жіберген еді. Өз алаңындағы «Астанаға» қарсы матч та Дмитрий Огай командасы үшін сәтсіз басталды. Елордалық клубтың шабуылшысы Дорин Ротариу жетінші минутта есеп ашты. Румыниялық футболшы қорғаушының қателігін ұтымды пайдаланды.
Екінші таймның соңғы он минутында алаң иелері ойынның нәтижесін 180 градусқа өзгертіп кетті. «Астана» босаңсыды. Әуелі, әдемі комбинацияға Мартин Тошев нүкте қойды. Болгар шабуылшысы 8 ойындағы 5-ші добын соқты.
Негізгі уақыттың аяқталуына бір минут қалғанда Айбар Жақсылықов «Астана» қорғанысын жалғыз өзі бұзып-жарып өтіп, «Жетісуға» жеңісті сыйлады.
Көшбасындағы «Тобылдан» «Астана» 8 ұпайға қалып тұр. «Қайраттан» 6 ұпайы кем. Алайда бұл командалармен салыстырғанда елордалық клуб екі ойын кем өткізген.
ҚПЛ. 27-тур
«Жетісу» — «Астана» 2:1 (0:1)<br />
Голдар:<span> </span>Ротариу 7 (0:1), Тошев 80 (1:1), Жақсылықов 89 (2:1).