73 минут. «Астана» «Манчестер Юнайтедке» күш көрсете алды

73 минут. «Астана» «Манчестер Юнайтедке» күш көрсете алды

УЕФА Еуропа лигасы топтық кезеңі аясында елордалық «Астана» қонақта даңқты «Манчестер Юнайтеден» кездесіп, бір доп айырмашылығымен жеңіліп қалды, деп хабарлайды Prosports.kz.

«Манчестер Юнайтед» жасыл алаңға бір ғана негізгі құрам футболшысын шығарды. Шабуылда Тахит Чонг, Мейсон Гринвуд секілді жастарға бас-көз болып, өзі де қауіпті сәттер ұйымдастыруға Маркус Рэшфорд шықты. Қалған футболшылардың бәрі де «қызыл сойқандардың» негізгі құрамынан орын ала алмай жүрген ойыншылар. 

«Астана» болса бар мықтысын алаңға шығарды. Тек Юрий Логвиненко ғана негізгі 11 футболшының қатарынан көрінбеді. Оның орнын алаң ортасында Лука Шимунович басты. 

Матчтың басында Фред алыстан жойқын соққы бағыттап, қақпа маңдайшысының беріктігін тексеріп көрді. Одан кейін сахнаға Рэшфорд пен Ненад Эрич шықты. Қақпашымыз екі мәрте қақпаны голдан аман сақтап қалды. Ағылшын шабуылшысы өзі де мүлт кетті. Екі метр жерден допты дәл қақпашыға бағыттады. 19 жастағы Энджел Гомес те айып алаңға кіре бере шиіре соққы бағыттаған. Абырой болғанда доп қақпаны дәл таппады. 

Роман Григорчук жігіттеріне шабуыл жасаудың бір ғана нұсқасын ұсыныпты. Қорғаныста доп аяққа тиді ме, бірден шабуылға қарай асыру. Марин Томасов пен Дарин Ротариудың жылдамдығына иек артса керек украиналық маман. Бұл тактика бір сәтте ғана өз нәтижесін берді. Роман Мұртазаевта тамаша мүмкіндік болды. Бірақ қазақстандық шабуылшы қақпашымен бірге-бір шығып, мүмкіндігін пайдалана алмады. 

Үзіліс кезінде Григорчук Юрий Логвиненко мен Рангело Янганы ойынға қосты. Юрий Шимуновичті алмастырды. Ол түсінікті. Хорватиялық жас футболшы Иван Маевскийге сенімді серіктес бола алмады. «Қызыл сойқандардың» жартылай қорғанысы Шимуновичті елеген де жоқ. Ал Янганың не үшін алаңға шыққанын түсінбедік. Мұртазаев екі мүмкіндікті нәтижелі аяқтай алмады. Дегенмен, жылдамдық бар. Ротариу және Томасовпен жақсы түсінеді. Алғашқы 45 минуттан кейін Роман қатты шаршап қалды деп жорыдық. 

Матчтың екінші бөлігін де алаң қожайындары шабуылдармен бастады. Рэшфорд белсенді болды. Фред айып соққысынан бұл жолы темірдің емес, Эричтің мықтылығын тексеріп көрді. Ненад шеберлігін паш етті. 60-шы минуттан қазақстандық команда да бас көтерді. Томасовтың қапталдан көтерген пасына Янга үлгермей қалды. Ротариу 3-4 метр жерден допты дұрыс тебе алмады. Бастысы командамыз допқа иелік етіп, позициялық шабуыл ұйымдастыруға ұмтылды. 

Оле Гуннар Сульшер жалғыз Рэшфорд пен жанындағы жастардан қайран болмасын түсінді. Хуан Мата мен Джесси Лингардты мәселені шешуге алаңға шығарды. 73-ші минутта «қызыл сойқандар» өз мақсаттарына жетті. 17 жастағы жас талант Мейсон Гринвуд көзге түсті. Гринвуд 37 жастағы Эричтің қақпасынан саңылау тауып, есеп ашып кетті. 

Тең есепті сақтап қалуды ғана ойлаған Роман Григорчук шәкірттері қарсыластың голынан кейін ес жия алған жоқ. «Манчестер Юнайтед» командасында есепті еселейтін екі мүмкіндік болды. Бірінде қақпа бағанасы «Астанаға» серік болса, екінші бір сәтте Эрич ерлік танытты.

«Астана» командасы топтағы келесі матчты өз алаңында 3 қазан күні «Партизанға» қарсы өткізеді. 

Еуропа лигасы-2019/20. L тобы. 

«Манчестер Юнайтед» - «Астана» - 1:0(0:0)

Гол: Мейсон Гринвуд 73

«Манчестер Юнайтед»: Серхио Ромеро, Аксель Туанзебе, Фил Джонс, Маркос Рохо, Диего Далот, Энджел Гомес, Неманья Матич, Фред, Маркус Рэшфорд, Тахит Чонг, Мейсон Гринвуд.

«Астана»: Ненад Эрич (К,В), Дмитрий Шомко, Жарко Томашевич, Евгений Постников, Антонио Рукавина, Иван Маевский, Лука Шимунович(Юрий Логвиненко 46), Рунар Мар Сигурьонссон, Роман Муртазаев(Рангело Янга 46), Марин Томасов, Дорин Ротариу.

20 қыркүйек. Борисов. «Олд Траффорд»

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или