ҚПЛ. Дабырлатқан дербилер

ҚПЛ. Дабырлатқан дербилер
news-banner7
mobile-news-top

Екі апталық үзілістен кейін клубтық футбол қайта оралды. Чемпионаттың аяқталар тұсы жақындағанын түсінген командалардың бәрі де жеңіске құштар болды. Тек «Жетісу» мен «Ордабасы» ғана қарсыластарына сөзсіз тізе бүкті. Орталық Қазақстан дербиінде «Астана» автоголдың арқасында «Шахтерды» жеңді. Батысқазақстандық командалар «Ақтөбе» мен «Атырау» кім мықтыны төреші қосқан минутта ғана анықтады. Бес доп соғылды. Жеңіс «ақ-қызылдарға» бұйырды.

ҚПЛ. 26-тур.

«Ертіс» - «Тараз» 1:0 (1:0)

Гол: Деян Георгиевич 12

Жақында ғана бас бапкер Вахид Масудовпен қоштасқан жамбылдықтар маңызды ойында ұтылып қалды. Матч алдында «Тараз» жарыс кестесінде «Ертістен» үш ұпайға қалып тұрған еді. Павлодардан бір ұпай алып кетудің өзі қонақтар үшін ерлікке баланатын-тұғын. Себебі, керекуліктер соңғы үш матчта жеңілмей келеді. «Тараз» болса қатарынан екі ойында өз қақпаларына 10 доп жіберді.

Чемпионаттағы үзіліс те жамбылдық командаға көмек бола алмады. Бұл матчта да «Тараз» ұпайсыз қалды. Сербиялық шабуылшы Деян Георгиевич 12-ші минутта маусымдағы алғашқы добын соқты. Ойын соңына дейін есеп өзгермеді. Қонақтар таразы басына теңестіруге талпынған да жоқ. Алаң иелері болса бір голды қанағат тұтты.

Керекуліктер кестедегі жағдайларын жақсартып алды. «Тараздан» алты ұпайға озып кетті. 9-шы орында нық тұр. «Тараз» 10-шы орында.

«Тобыл» - «Оқжетпес» 1:0 (0:0)

Гол: Сенин Себаи 86

Көш бастап тұрған қостанайлық «Тобылға» Андрей Карпович тәлім беретін «Оқжетпестің» сағын сындыру қиынға соқты. Көкшеліктер сырт алаңда алыптарға айтарлықтай қиындық туғызатын команда. Өткен турда ғана Алматыда «Қайратты» ұтып кеткені есімізде. Қостанайда «Оқжетпес» тым болмаса жеңілмеуге жақын болды. Алайда, ивуарлық Сенин Себаи командасына өте маңызды үш ұпайды сыйлады. Себаи маусымдағы жетінші голын соғып командада Бауыржан Тұрысбекпен теңесті. «Тобылда» мергендер көшін еншісінде 8 нәтижелі соққысы бар Азат Нұрғалиев бастап тұр.

«Тобыл» «Қайраттан» 2 ұпайға, «Астанадан» 5 ұпайға озып тұр. Әйткенмен, елордалықтар екі ойынға кем өткізгенін айта кетейік. «Оқжетпес» анда-санда әдемі ойын көрсетіп, бұйырғанға қанағат етіп, маусымның аяқталуын күтіп жүрген ұжым. Карпович командасы 8-ші орынға мықтап жайғасқан.

«Ордабасы» - «Қайсар» 0:2 (0:2)

Голдар: Куле Мбомбо 23, 31

Осы турдағы алғашқы дербиде «Ордабасы» мен «Қайсар» кездесті. Соңғы төрт турда үздіксіз жеңіске жетіп жүрген шымкенттіктер маусымның жұмбақ командасы «Қайсарға» өз алаңында тізе бүкті. Кахабер Цхададзе «қасқырларға» қарсы қару таба алмай-ақ қойды. Осы маусымда өз алаңында «Қайсарға» қарсы екі матч өткізді, екеуінде де ұтылды.

«Ордабасы» келесі маусымда еурокубоксыз қалуы әбден мүмкін. Қазақстан кубогын «Қайсар» немесе «Атырау» жеңеді. Еуропа лигасына үшінші жолдаманы осы екі ұжымның біреуі қанжығаға байлайды. Сонда чемпионаттағы төртінші орын ешқандай рөл атқармай қалады. Алғашқы үштіктен «Тобыл», «Астана», «Қайрат» өзара бөлісіп алуға жақын. Үшінші сатыдағы «Астанадан» шымкенттіктер бір ұпайға ғана қалып тұрғаны рас. Бірақ, Цхададзе командасы олардан екі ойын артық өткізген. Әйткенмен, тартыстың бәрі алда.

«Қайсарға» кестедегі орын маңызды емес. Алғашқы алтылықтан түсіп қалмау басты мақсаты. Кубок арқылы еурокубокқа жолдама алғысы келеді. Ол үшін финалда «Атырауды» ұтуы тиіс.

«Астана» - «Шахтер» - 2:1(0:1)

Голдар: Марин Томасов 55, Милош Видович 66(өз қақпасына) - Доньет Шкодра 35

Орталық Қазақстан командаларының арасындағы кездесулерде «Шахтер» осы маусымда «Астанадан» сөзсіз басым болып жүрген еді. 26-турдағы ойын да чемпиондар үшін оңайға соқпады. «Кеншілер» бірінші таймды жеңіспен аяқтады. 30 жастағы косовалық футболшы Доньет Шкодра гол соғып, «Шахтерды» жеңіске жақындатты.

Екінші таймда қиын сәтте командасын сүйреп үйренген Марин Томасов таразы басын теңестірді. Жомарттық танытып жеңісті «Астанаға» қарағандылықтардың өздері сыйлады. Әріптесінің пасын қабылдай алмай қақпашы Игорь Шацкий жасаңды алаңда тайып, допты қақпаға өткізіп алды. Маусымның ең күлкілі автоголы деген атаққа лайық. Және өте күдікті...

Автоголдың арқасында үш ұпайды қанжығаға байлаған Роман Григорчук командасы үшінші орынға көтерілді. 33 ұпайы бар «Шахтер» жетінші сатыда.

«Ақтөбе» - «Атырау» - 3:2(1:2)

Голдар: Абат Айымбетов пенальтиден 23 (1:0), Эдуард Сергиенко 37 (1:1), Исламнур Абдулавов 45+1 (1:2), Маркос Пиззелли 64 (2:2), Асланбек Кәкімов 90+1 (3:2).

Батысқазақстандық «Ақтөбе» мен «Атырау» арасындағы матч турдың көркіне айналды. Ақтөбедегі ойын өте тартысты өтті. Абат Айымбетов 23-ші минутта есеп ашты. ҚПЛ-да қазақстандық футболшылар да доп тебетінін еске түсірді. Абатқа дейін осы турда тек легионерлер гол соғып келген еді. Ақтөбе футболының түлегі 14-ші голын соқты. Қайраттық Эсеоладан екі голы кем болып тұр.

Абаттың голынан кейін бірінші тайм соңында «мұнайшылар» есеп теңестіріп қана қоймай, екінші голды да соғып кетті. «Атырауға» жеңіс ауадай қажет еді. Олег Дулуб жігіттері 11-ші орында. Жағдай қиын. «Ертіс» ес жиып алды. «Тараз» сүреңсіз ойнап жүрсе де, бір саты алда тұр. Әйткенмен «Атырау» жеңісті есепті ұстап тұра алмады. «Ақтөбе» жанкүйерлері алдында намысқа тырысты. Ауыр жарақатынан жақында жасыл алаңға оралған Маркос Пиззели мергендік танытты. Асланбек Кәкімов төреші қосқан қосымша уақытта командасы үшін жеңісті жұлып алды.

«Қайрат» - «Жетісу» 4:1(3:0)

Голдар: Адеринсола Эсеола 13, 80, Гафуржан Сүйімбаев 19, Мартин Эппель 31 - Айбар Жақсылықов 59

Өткен турда «Оқжетпестен» ұтылып қалған «Қайрат» екі апта үзілістен кейін жеңісті жолына қайта оралды. «Жетісуға» қарсы ойындағы нәтиже көптің таңданысын туғызды. Себебі осыған дейінгі талдықорғандықтармен болған екі матчта алматылықтар бірде-бір гол соға алмаған еді. Оның үстіне «Жетісу» алғашқы айналымда 3:0 есебімен тас-талқан еткені бәрінің есіңде.

26-шы турдағы кездесуде «Қайрат» алғашқы жарты сағатта ойын тағдырын шешіп тастады. Адеринсола Эсеола екі мәрте қарсылас қақпасынан саңылау тапты. Қонақтар сапынан жас шабуылшы Айбар Жақсылықовты атап кеткен жөн. 22 жастағы жас футболшы маусымдағы бесінші голын соқты.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер