Вахид Масудов: Әділеттілік әркез біздің жағымызда болмайды
«Тараздың» бас бапкері қызметінен кеткен Вахид Масудов өзінің бұл шешімінің себебін түсіндірді, деп жазады Prosports.kz сайты.
- Бұл шешімді қабылдау қиынға соқты. Үлкен жұмыс атқардық. Турнир кестесінде бұдан да жоғары болуымыз қажет еді. Алайда әркез әділеттілік жолдас болмайды, - деді Вахид Масудов клубтың баспасөз қызметіне.
Бас бапкерсіз қалған «Тараздың» тізгінін тағы бір отандық маман Нұрмат Мырзабаев ұстаған болатын. 46 жастағы бапкер бұған дейін де жамбылдық команданы жаттықтырған болатын. Осы жолы команда бас бапкерінің міндетін атқарушы болып тағайындалып отыр.
«Тараз» ел чемпионатында 25 турдан кейін 19 ұпай жинап, 10-шы орында. Оның үстіне команда соңғы төрт ойында жеңіліп қалды.
Еске сала кетейік, Масудов «Қайрат», «Жетісу», «Шахтер», «Восток», «Ордабасы», «Атырау» және «Ақжайық» командаларында жұмыс істеген. Сонымен қатар, маман Қазақстанның ұлттық құрамасын (2001-2002 жж.) және жастар құрамасын (2016 ж.) жаттықтырған.